Жаңаөзен – Қазақстандағы «моноқала» мәртебесі берілген жиырма жеті қаланың бірі. Бүгінде мемлекеттік қолдаудың арқасында Жаңаөзенде шағын және орта бизнес саласы қарқынды дамып келеді. Мемлекеттен қолдау тауып, кәсібін өркендетіп отырған кәсіпкерлердің бірі-Бердіғали Берекетов. Бүгінде ол мұнайшылар қаласында қонақ үй жұмысын жүргізіп, табысқа кенеліп отырған кәсіпкер.

Кәсіпкер идеяны жүзеге асыру мақсатында «Сбербанк» АҚ ЕБ жүгінеді. Мемлекеттік бағдарламалардың шарттары туралы кеңесті алып, клиент банктен қарыз алу туралы шешім қабылдайды. Сөйтіп, 70 000 000 теңге несиені жылына 14%-бен, 60 айға алады. «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде жоба субсидияланады. Яғни, кәсіпкер 14 пайызбен алған несиесінің тек 4 пайызын ғана төлейтін болады. Ал қалған 10 пайызын мемлекет қайтарымсыз негізде өтеуге шешім қабылдайды. Одан бөлек, кәсіпкер кепілдік жетпеуіне байланысты «Даму» Қорының кепілдемесін де пайдаланады.

Аталмыш инвестициялық жоба аясында 2 қабатты ғимарат қайта жаңартылып, жаңа қонақ үй пайда болады. Қонақ үйдің жалпы алаңы 1 500 шаршы метрді құрайды. «Ақсарай» қонақ үйі дәл күре жолдың бойында Жаңаөзен қаласының кіреберісінде орналасқан. Жолдың келесі бетінде автовокзал және алыс рейстердегі жүк автокөліктері үшін көлік тұрағы бар. Қонақ үйден 500 метр қашықтықта кеңселер мен негізгі 4 мұнай-газ компаниясы орналасқан.

7

— Жаңаөзен қаласынан Түркіменстан шекарасына дейін сапарға шығатын жандардың жолда арзан тұрғын үй жоқтығынан көп машақат шегетінін ескере келе, қалада осы бағыт бойында қонақ үй ашу идеясы келді. Бұл салада тәжірибемнің жоқтығына қарамастан, бастаған ісімнің жемісті болуы үшін көп іздендім. Ғимарат тауып, оны қайта жаңартып және және жабдықтадым. «Эконом» класстан тұратын екі кісілік 18 бөлмелі орташа жағдай жасалған қонақ үйге айналдырдым. Халықтың жағдайына қарап, 1 бөлменің құнын 4 000 теңге деп бекіттім. Бұл баға халықтың қалтасына да аса салмақ салмайды деп ойлаймын,-дейді кәсіпкер Бердіғали Берекетов.

Венера МИРЛАН