«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Отырыста маңғыстаулық партия мүшелері адами капитал сапасын жақсарту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, Елбасының Жолдауын түсіндіру жөніндегі ақпараттық топ мүшесі Есберген Іңірбай адами капитал сапасын жақсартуға қатысты төртінші басымдық «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» туралы баяндады.

Жоба бойынша биылғы жыл облысымыздағы білім саласында техникалық және кәсіптік білім беру жылы болып аталды. Тегін кәсіптік білім берумен, әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрмысы төмен, жұмыссыз және оқу бітірген соң жұмысшы мамандығын алмаған азаматтарды қамтамасыз ету көзделген. Аталған нысаналы топтарды тегін кәсіптік білім берумен қамтамасыз етуге облысымызда 26 колледж, оның ішінде 15 мемлекеттік, 11 жекеменшік және 8 ресурстық орталық қызмет көрсетеді.

-«Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын іске асыруда кәсіби бағдарлық беру және кең көлемде ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сұранысқа ие мамандықтарды анықтау және техникалық, технологиялық салалардағы жұмыс берушілерді тарту мақсатында өңірлік кеңестің мүшелерімен Маңғыстау облысы бойынша «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасымен біріге отырып кеңейтілген отырыстар өткізілді. Тегін кәсіптік білім берумен мамандарды даярлау мақсатында   аудандық, қалалық әкімдіктерде үміткерлердің тізімін жасақтау үшін мобильдік топтар құрылды. Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беруді енгізу мен жүзеге асыруда арнайы жол картасы жасақталып, бекітілді,-дейді Елбасының Жолдауын түсіндіру жөніндегі ақпараттық топ мүшесі Есберген Іңірбай.

Мамандарды даярлауға 2017-2018 оқу жылында республикалық бюджет есебінен 676,0 млн.теңге қарастырылмақ. Оның ішінде 1131 адам кәсіптік білім беру, 500 адам қысқа мерзімді оқыту курстары бағыты бойынша білім алады. Сондай-ақ, мобильдік оқыту орталығын сатып алуға республикалық бюджет есебінен 100 млн.теңге қарастырылып отыр.

Венера МИРЛАН