Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен №4 жалпы білім беру орта мектебінің кітапханасында 8-наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай, «Аналар – асыл жандар» атты сұхбат алаңы өтті.

Шараға Мұнайлы аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Айжан Тасимбаева, №4 жалпы білім беру орта мектебінің директоры Дина Күлмеханова, көп балалы ана Ақгул Көздібаева мен Рыскүл Түгелбаева және  ұстаздар қауымы мен оқушылар қатысты.

Сұхбат алаңын №1 жалпы білім беру орта мектебінің оқушысы Жаннат Үйтолы орындауындағы «­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­Қымыз құйғыш» атты әсем әнімен ашып берді. Жиын барысында отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың өмірі, ана енбегін қадірлеп үмітін ақтауға, ананы қадірлеп, сыйлау және қыз баланы қамқорлыққа, сыйластыққа тәрбиелеу сынды мәселер ортаға салынды. Қызу тартысты әңгіме барысында аяулы жар, үлгілі келін, шаңырақтарының мерекесі мен берекесін келтіріп отырған көп балалы аналар Ақгул Көздібаева мен Рыскүл Түгелбаева тәрбиелік мәні бар, тағлымды әңгімелерін айтып, оқушылардың қойған сауалдарына да жауап қатты.

Сонымен қатар жиынға қатысқан мектеп оқушылары аналар мен қыздар қауымына арнаған өлеңдерін оқып берсе, аналарға арналған бейнебаяндар көрсетілді.

Мерекелік жиын соңында кеш қонақтарына гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар ұсынылды.

Г.Бекқалиқызы