Өткен жұмада №6 орта мектепте білім бөліміне қарасты мекемелердегі жігіттерінің ұйымдастыруымен қыз-келіншектерге арнап  «Ару гүл, ана өмір шуағы» атты кеш өтті. Кеш шымылдығы «Інжу-маржан» би тобының мың бұрала билеген қазақ биімен ашылып, сахна төріне шыққан ардагер ұстаздар бірі домбыра, сырнаймен, енді бірі гитарамен әуелетіп әріптестеріне ана туралы әндерді орындады.

Сөз алған аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Г.Мурадалиева көктемнің алғашқы мерекесі әжелер мен қыз-келіншектердің мерекесімен құттықтап, Меруерт Шамқұлова, Шолпан Мұхтарова, Дина Қармыс, Ұлболсын Тоқтасын, Гүлбану Бексарова, Маржан Абдраимова  сынды ұстаздарға білім басқармасының Алғыс хатын тапсырды. Бұл күні барлық әйел заты назардан тыс қалмады. Аудандық білім үйлестіру орталығының директоры Р.Жасақова да бір топ ұстазға аудандық білім бөлімінің алғысын табыстаса, Маңғыстау облысының мәслихат депутаты, облыстық іскер әйелдер қауымының төрайымы С.Жакаева іс басында жүрген бірнеше іскер ұстаздарды Алғыс хат пен сыйлық беріп, сый құрметке бөледі.

Кешке тарту  болған «Сұңқар» балалар аула клубының драма үйірмесінің оқушылары орындаған Ғ.Мүсіреповтың «Ана кесімі айнымайды» әңгімесіндегі көрінісі, С.Орынбаевтың «Қыздар-ай», Н.Абатовтың «Арман қыз», Ғ.Шыңдауыловтың «Алтын аналар» әндері көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал, «Інжу-маржан» тобының бармақтай қыздарына дейін майыса билеп көпшілікті таңдандырса, «Тұлпар» аула клубының «Өркен» атты вокалды аспаптар ансамблі «Жансәулем», «Қымбаттым» әндерімен ару аналарға шашу шашты.

Гүлнара ТАСБОЛАТОВА