Маңғыстау халқы салтымызға сіңген елді ауызбіршілікке, татулыққа үндейтін, алыс-жақын ағайынмен туысқандықтың тамырын бекітетін Амал мерекесімен жыл сайын Отпан таудың басында қауышады. Қаратаудың ең биік шоқысында биыл бейбітшілік пен бірліктің отын Тәзіке ата ұрпақтары маздатады.

Адайдың баласы Құдайкеден екі бала Қосай мен Тәзіке тараған. Отпан таудың басында Наурыздың бастауы саналатын, елдіктің белгісі бірлік пен ынтымаққа жетелеген, ағайын татулығының мерекесі болған көрісу күнін алғашқы айналымда Қосай ата ұрпақтарымен бірге өткізген болатын. Өткен жылы екінші айналымда Тәзікелер Қосай ата ұрпақтарынан бірлік отын қабылдап алды.

–Биыл жылдағы оң үрдістен жаңылмай 13-14 наурыз күндері Отпан таудың басына жиналып, Амал мерекесін барлық сән- салтанатымен атап өтуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде Маңғыстауда 250-дей Тәзіке ата ұрпақтарының отбасы тұрады. Оның басым көпшілігі Бесқала мен Түрікменстаннан көшіп келген.Тәзікелердің көп бөлігі Атырау, Ақтөбе, Орал облыстарында қоныстанған. Тәзіке ата ұрпақтары 2011 жылдан бері батыс өңірлерде бас қосып, Отпан тауда өткен Амал мерекесіне қатысып келеді. Өзге өңірлерде тұратын ағайындар Амалдағы көрісудің жөні бөлектігін, мән- мағынасы терең екенін түсінді. Осыдан 2 жыл бұрын «Тәзіке ата» қайырымдылық қоры ашылды. Әр облыстағы туыстар шама-шарқы келгенше Амал мерекесін тойлауға қаржы аударып жатыр, – деді «Тәзіке ата» қайырымдылық қорының төрағасы Роман Балтабаев.

Бірлік пен достықтың мекеніне айналған Отпан тауға алыс-жақыннан ағылған ағайын көрісіп, таудың бөктеріне жағалай тігілген үйлерге түсіп, кең пейілмен жайылған мол дастарханнан дәм тата алады. Жылдағыдай бағзы бабалардан қалған салт ұлықталып, халықтың ізгі ниеті, игі ықылас-пейілі көрініс табатын Амал мерекесін тойлаған дүйім жұрт 13 наурыз күні аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалап, «Ақсарай» мұражайын аралап, маңғаз өлкенің тарихымен, танымал тұлғалармен, құнды жәдігерлермен танысады. Бұл күні Адай ата рухына құран бағышталып, ас беріледі.14-наурыз күні Тәзіке ата ұрпақтары мен облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен концерт, жыршылар байқауы өткізілмек. Сондай-ақ қашан да той- думанның ажарын кіргізіп, сәнін келтірген көкпар, аударыспақ, күрес, гір тасын көтеру сынды ұлттық ойындарды өткізу жоспарланған.

–Амалды мерекелеу аясында ақпанның 23-інде сағат 17.00-де М.Өскінбаев атындағы филармонияда Тәзіке руынан шыққан ақын Фариза Оңғарсыноваға арналған шығармашылық кеш болады. Сондай-ақ ақпанның аяғында Жаңаөзенде шағын футболдан қалааралық жарыс өткіземіз. Жергілікті халық Тәзіке ата ұрпақтарынан шыққан атақты адамдар туралы халық көп біле бермейді. Сондықтан «Адайдың Алтынсарині» атанған Аяпберген Науанов, Қарағандыда милиция мектебін ашып, сонда ұзақ жылдар басшылық еткен Ғабдулмәжит Сабыралиев, Махамбет пен Исатай сарбаздарына қару- жарақ жасаған Апанас шебер, Орал, Атырау облыстарының әкімі, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасының орынбасары,еліміздің Энергетика және минералдық ресурстар министі болған Бақтықожа Ізмұханбетов, күйші, әнші Нариман Үлкенбаев, Айгүл Үлкенбаева, көлік министрінің орынбасары болған Ғабиден Мәмеков, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұстахим Ықсанов сынды тұлғаларды жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа танытуды мақсат тұтып отырмыз. Амал мерекесін тойлауды жоғары деңгейде атап өтуге бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Барша тұрғындарды мерекенің қонағы болуға, спорттық-мәдени шараларымызға белсене қатысуға шақырамыз. Елді ынтымаққа, бірлікке шақырар киелі орынға айналған Отпан таудың басында аман-есен көрісейік, ағайын!, – деді «Тәзіке ата» қайырымдылық қорының төрағасы Роман Балтабаев.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ