Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай кәсіподақ жастары арасында «Брейн-ринг» зияткерлік сайысы өтті. Ойыншылардың ойлау қабілетін, сөйлеу дағдысын дамыту, өз ойын еркін жеткізе білуге машықтандыру, ізденушілік қасиеттерін қалыптастыру бағытында ұйымдастырылған сайысқа өңірдегі ірі өндіріс ошақтары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Ойл Транспорт Корпорейшэн» және «Жөндеу» мекемелеріндегі қызметкерлерден жасақталған команда қатысты.

— Басты мақсат-тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеудің мәні мен тарихи маңызын ашу, кәсіподақ орталығының қоғамдағы рөлі, тарихы, мұнайшыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу, жұмысшы жастардың зияткерлік ойлау қабілетін артыру, кәсіпорын мен ірі өндіріс орындарындағы жастар ісі жөніндегі комитеттердің қызметін жетілдіру. Сайысқа 4 мекемеден 24 жұмысшы қатысуда. Жалпы мұндай бағыттағы сайыс кәсіподақ орталығының қолға алуымен аймағымызда алғаш рет өткізіліп отыр, — деген облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков жақын күндері жұмысшы жастар арасында «Жігіт сұлтаны» байқауы өткізілетінін айтты.

         06

Сайысқа қатысушылар кәсіподақ тарихы, қызметі, еңбек заңнамасы және логикалық бағытта қойылған сұрақтарға да жауап беріп, білімдерін пысықтады. Топпен жұмыс жасау және шапшаң шешім қабылдау дағдылары бойынша өзара бәсекеге түсті. Тартысты өткен сайыстың қорытындысында білімділігімен ерекшеленген «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мекемесінің ұжымы бірінші орынды иеленіп, облыстық кәсіподақ орталығының кубогына ие болды.

— Бүгінгі жарыстан жеңімпаз атанып, мекемеміздің абыройын асқақтатқанымызға өте қуаныштымыз. Кәсіподақ қызметі, еңбек заңнамасы, жұмысшы құқығы турасында біраз мәлеметтерге қанық болып, білімімізді толықтырдық. Ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін, жарыс жоғары дейгейде өтті. Біздің қызметкерлер «қара алтын» қазумен айналысып ғана қоймай, зияткерлік сайыстарда да белсенді екенін, үнемі ізденісте жүретінін тағы бір дәлелдеді, — дейді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкері Сәнбибі Шандақбаева.

        07

Өздерінің білімділігі мен жылдамдығын тиімді пайдалану арқасында екінші орыннан «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС көрінсе, үшінші орынға «Қаражанбасмұнай» АҚ лайық деп танылды. «Үздік ойыншы» аталымы «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС қызметкері Бекболат Қойшыбекке бұйырды. Сайысты ұйымдастыруға атсалысқан белсенді жас Шыңғыс Абдыровқа да алғысхат табысталды.

— Жұмысшы жастар арасында мұндай шаралардың жиі өткізіліп тұрғанын қолдаймын. Осындай сайыстар арқылы біз өзара пікір алмасып, жұмыстан тыс араласып, бір-бірімізді өзге де қырымыздан тани түсеміз. «Ойл Транспорт Корпорейшэн» мекемесінде он жылдан астам уақыт жұмыс істеймін. Ауызбіршілігі мықты, берекелі ұжымымның әр жетістігімен мақтанамын. Біздің ұжым спорттық жарыстарда да белсенді. Бүгінгі сайыстан дараланып, арнайы аталыммен марапатталғаныма өте қуаныштымын, — деді Бекболат Қойшыбек.

Айта кету керек бүгінгі таңда өңірде 640 бастапқы кәсіподақ ұйымы белсенді жұмыс жасайды. Ұйым құрамында 75 704 адам мүше, оның 33%-ын жастар құрайды.

Венера МИРЛАН

08

09

04