Орталық коммуникациялар қызметі Маңғыстау облыстық филиалы алаңында ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ринат Нұрманұлымен баспасөз мәслихаты өтті.  Аталмыш мекеме асыл тұқымды мал шаруашылығы, жаңа селекциялық жетістіктер, астық нарығын реттеу, өсімдіктер карантині және міндетті сақтандыру саласында арнайы атқару мен бақылау-қадағалау қызметін жүзеге асырады.

«Мекеме ҚР аумағындағы Еуразиялық экономикалық Одақтың сыртқы шекарасынан мемлекетіміздің аумағына тасымалданатын өсімдік өнімдеріне талаптарға сай мемлекеттік фитосанитарлық бақылау жүргізеді және ішкі карантин бойынша зиянкестерден, арамшөптерден және өсімдік ауруларынан қорғайды. Егін өнімдері сапасы мен фитосанитарлық қауіпсіздігін қадағалап, сақтау қызметін атқарады. Инспекцияның өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторлары ҚР-ның сыртқы шекарасында орналасқан «Тәжен», «Темір Баба», «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» және темір жол бекеттері арқылы елімізге тасымалданатын өсімдік өнімдерін фитосанитарлық сынақтан өткізеді. Статистикалық мәліметтерге тоқталсақ. Ағымдағы 9 ай қорытындысы бойынша Өзбекстан, Түрікменстан елдерінен, сонымен қоса шет мемлекеттерден 37 412 тоннадан аса ипмпорттық өнім тасымалданған. Ал 646 506 тонна экспорттық өнімдер сыртқа шығарылған. Күні бүгінге дейін инспекция шет мемлекеттерден келген өнімдерден 6 рет аса қауіпті зиянкестерді анықтады. Олар — қызанақ күйесі, тұт ағашының қалқанша сымыры, картоптың алтын түстес жұлдыз құрты, Шығыс Жерорта теңізінің жеміс құрты Аталмыш зиянкестер біздің елімізде жоқ. Ал залалданған өнімдер Түрікменстан, Иран, Әзірбайжан және Түркия елдерінен тасымалданған. Бұл өнімдердің бір бөлігі мамандандырылған әкімшілік сотының үкіміне сәйкес жойылып, өзге бөлігі кері қайтарылды»,-дейді Р.Нұрманұлы.

Инспекция мәліметіне сүйенсек, ҚР фитосанитарлық заң талаптарын бұзғаны үшін 63 жеке және заңды тұлғаларға қатысты әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 3 202 930 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, облыс аумағында карантиндік нысандардың таралуынан қорғау мақсатында өсімдік қалдықтарын жою, қоймаларды тазалау сынды фитосанитарлық іс-шаралар жүйелі жүзеге асады. Әсіресе, көктем-жаз мезгілдерінде инспекция тарапынан түрлі зерттеу жұмыстары жүргізіліп, тиісті меншік иелеріне агротехникалық және химиялық өңдеу жұмысы бойынша нұсқамалар беріледі.

09499

«Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия, Мұнайлы аудандарындағы бақша егіндіктерінде 2013-2015 жылдары аса қауіпті зиянкес – қауін шыбыны анықталған болатын. Аталған аудандар карантиндік аймақ болып белгіленіп, залалданған шаруа қожалықтарына карантиндік іс-шаралар жүргізу бойынша нұсқаулықтар берілген еді. Нәтижесінде, 53,5 гектар жер бөлігіне химиялық өңдеу жұмысы іске асты. Сонымен қоса, Ақтау қаласы, Бейнеу, Мұнайлы, Түпқараған аудандарында жатаған у кекіре карантинді арамшөп анықталып, 9,1 гектар жердегі арамшөп механикалық тәсілмен оталған еді. Жүйелі жою шаралары нәтижесінде Калифорния қалқаншасы, Шығыс жеміс жемірі облыс аумағында түпкілікті жойылды»,-деп мәлімдеді инспекция басшысы.

Фитосанитарлық қауіпсіздікті сақтау мақсатында өңірде карантинге жатқызылған өсімдік өнімдерінің шығарылуына қатаң бақылау орнатылған. Мәселен, ІІД және облыстық көліктік бақылау инспекциясымен өзара іс-қимыл технологиялық сызбасы бекітіліп, Бейнеу, Өзен тас жолдарында жүк көліктеріне рейдтік бақылау орнатылған.

Республикалық бюджет есебінен өңір бойыншы аса қауіпті зиянды ағзалар ошақтарын анықтау мақсатында 179 гектар жерге зерттеу жұмыстары жүргізілген. Үйірлі шегірткеге және сарышұнақ пен тышқан тәріздес кеміргіштерге қарсы зерттеулер зиянкестердің орнығу тығыздығы бойынша жүзеге асты.

Соңғы мәлімет бойынша облыста 36 шаруа  қожалықтары  асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Ағымдағы жылдың басынан бері 3 тексеру жүргізіліп, «Нақхан», «Қонай», «Мақсат» шаруа қожалықтарында малды бағып-қағу, жемдеп, күту, сақтау тәсілдері зоотехникалық талаптарға сай екендігі анықталды. Биылдан бастап «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның нәтижесінде асыл тұқымды малдар бойынша палаталар құрылу керектігі атап көрсетілді. Елімізде төрт түлікті асылдандыру бағытында әр облыстың ерекшелігіне қарай арнайы палаталар құрылуда. «асыл тұқымды» мәртебесiн шаруашылық алмайды, тiкелей жануарлар алады . Сондықтан барлық асыл тұқымды шаруашылықтар өз мәртебесін жойды. Өзгерістер мен толықтырулар 2016 жылдың 2 маусымынан бастап күшіне енді. Биыл  қаңтардан бастап малдың басқа түрлерiне қатысты мемлекеттiк реттеу  алынып тасталды.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

09499