Елордамыз Астанадан шақырытылған 43 ұлан енді Отан алдындағы борышын Каспий теңізінде өтейді. Шекара күзететін теңізшілерді Ақтау халықаралық әуежайынан Маңғыстау облысы жағалау күзетінің басқармасы салтанатпен күтіп алды. Әуежайдан соң сарбаздар Ақтау халықаралық теңіз сауда портында болып, «Астана» шекара кемесімен танысты.


01

-Еліміздің Ресей, Түркменстан мемлекетімен шектесетін аймағын күзету енді осы жас сарбаздарға жүктеледі. Жас сарбаздар екі айлық тексерістен өтті. Біздің барлық талаптарымызға сай. Елордалық ұландар Отан алдындағы борышын аймақтың жағалау күзетіндегі «Астана» шекара кемесінде өтейді. Бұл жерде олар алдымен теңізде ұзақ жүру, кемелерді басқару, оқ ату сияқты теңіз сақшысына қажетті әскери әдістерді үйренетін болады. Кейін олар теңізге шығып шекараны күзетеді,-деген ҚР ҰҚК ШҚ жағалау күзеті басқармасы басшысының орынбасары Талғат Төребаев, Маңғыстау облыстық шекара қызметі алдағы уақытта тағы үш мыңға жуық сарбазбен толығатынын айтты.

       05

-Бала кезімнен Каспий теңізін көріп, әскери борышымды осы жерде өтеу арманым болатын. Мені шекара күзететін теңізшілердің қатарына қабылдағанына шексіз ризамын. Әскери антыма адал болып, Каспийіміздің байлығын күзетіп, бір жылдан соң туған жеріме аман-есен ораламын деп ойлаймын. Маған әскерге шақыру келген кезде қатты қуандым. Өйткені, әрбір ер азаматтың Отан алдында борышын өтеуі, әскери өмірді көруі, түйсігімен сезіне білуі үлкен мәртебе деп білемін. Әскери өмірдің ер азаматқа берері көп деп есептеймін. Сондықтан да қарулас достарымды бүгінгі айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Анттарына адал болып, отбасыларына дін аман оралуларына тілектеспін,-дейді елордалық ұлан Нұрсұлтан Қартжанов.

Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

03

06

08

10

15

16

07