Облыс орталығындағы «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің балуандары Бауыржан Сағынғалиұлы мен Сұңғат Жұбатқан самбо күресінен жастар арасында өткен Әлем чемпионатында топ жарып, қазақ еліне жеңіс сыйлады. Румынияда өткен дүбірлі додада қос балуанымыз қоланы еншілеп, бапкерлердің үмітін ақтады. Балуандарды жарысқа спорт мектебінің бапкері Асхат Хапанов дайындады.

03

— Самбодан Әлем чемпионаты жасөспірімдер мен жастар арасында 6-10 қазан аралығында Румыния мемлекетінің Плоешти қаласында өткен болатын. Қазақстан құрамасының сапында Маңғыстау облысынан екі спортшы қатысып, қос қола медальға қол жеткізді. 65 келі салмақта белдескен Сұңғат Жұбатқан әзірбайжандық, армениялық, моңғолиялық, украйналық балуандардың барлығын ұтты, бұл белдесулер Сұңғаттың басымдылығымен аяқталды. Балуанымыз жартылай финалда бір ескерту ұпаймен болгариялық балуанға есе жіберіп алды. Соңғы кездесуде латвиялық балуанмен бәсекеге түсіп, 47 секундта таза ұтып, қола медальді иеленді. 62 келі салмақта өнер көрсеткен Бауыржан Сағынғалиұлы армениялық, латвиялық, қырғыздық, әзірбайжандық балуандармен болған кездесуін өте сәтті аяқтап, жартылай финалға жолдама алды. Белоруссиялық балуанға есе жіберіп, үшінші орынға табан тіреді. Барлық белдесулер өте тартысты өтті,-дейді Маңғыстау облысының самбодан аға жаттықтырушысы Берік Жұмағалиев.

04

Жалпы Румынияда өткен Әлем чемпионатына 42 мемлекеттен 500-ден астам «мен мықты» деген балуан қатысып, бақтарын сынаған. Қазақ елінің намысын 37 самбошы қорғап, оның ішінде екеуі алтын, біреуі күмісті және тоғызы қоланы иеленген.

Әлемдік жарыста ел намысын абыроймен қорғаған маңғыстаулық балуан Бауыржан Сағынғалиұлы бұған дейін үш дүркін ҚР-ның және үш дүркін Азия чемпионы атанған болатын. Сондай-ақ өткен жылы Ригада өткен Әлем чемпионатынан қола жүлдені иеленген еді.

Әлемдік жарыста бес кездесуін сәтті аяқтаған Сұңғат Жұбатқан болса, бұған дейін самбо күресінен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Азия чемпионы. Сондай-ақ Еуропа кубогінің қола жүлдегері, дзюдодан Қазақстанның үш дүркін чемпионы және Азия чемпионы атағын иеленген. Балуандарды кезекті жеңісімен құттықтап, алар асуларың биік болсын дейміз.

Венера МИРЛАН

05