Облыс орталығында 15-17 қыркүйек күндері дәстүрлі «Aktau Open Fest — 2016» спорт және музыка фестивальі өтеді. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында арнайы құрылған штаб өкілдері хабарлады.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында өтетін фестивалдің алғашқы күнінде «Тіл таңбалы ақындар» 5 томдық кітабының тұсауы кесіледі. Бүкілхалықтық шараның ашылуына Т.Асар, С.Байғожин, Н.Өнербаев сынды өнер жұлдыздары қатысады.

–Екінші күнінде алтын сақа, атан жілік, арқан тарту, қазақша күрес сынды ұлттық ойындар, 3х3 форматындағы баскетболдан әлем біріншілігі,street workout-тан облыс біріншілігі, брейк-данс бойынша Caspian battle- дан халықаралық турнир,ережесіз жекпе-жектен біріншілік және BMX-дан көрсетілім болады. Сондай-ақ «Amal Talks Motivation» атауымен өтетін мәжіліске спортшылар, әртістер, дизайнерлер қатысады. Арт фестивальда сурет көрмесі және көрермендер үшін шеберлік сыныбы, «Сән мен сахна» халықаралық көрсетілімі өткізіледі. Шараның екінші күні марапаттау рәсімімен, «Формат» тобы және Жанар Доғалованың өнер көрсетуімен аяқталады, – деді штаб төрағасы Самсон Аракелян.

Биыл 4 мәрте өткізілетін шараның соңғы күнінде де спорттық шаралар жалғасын табады. Кең ауқымды қамтитын фестиваль еліміздің және ресейлік өнер жұлдыздарының концертімен және отшашумен қорытындыланады. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетовтың айтуынша, 3 күнге созылатын фестивальға 80 мың көрермен қатысады деп жоспарланған.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суретті түсірген Айнұр Кемалова