Қыз зорлағанға жаза қандай?

Соңғы айда маңғыстаулықтарды есеңгіретіп жіберген оқиға – 20 тамызда Ақтауда 6 жасар бүлдіршінді үйінің алдынан ұрлап кетіп, аяусыз тиісіп (зорлау фактісі), өлімші күйінде көшеге тастап кеткен қылмыскердің жан түршігерлік қылмысы еді. Бұл жағдайдың орын алуы Қазақстанда бірінші рет емес. «Педофилге қандай жаза қолданған дұрыс? Өлім жазасын неге қолданбаймыз? Қыздың тағдыры қалай болмақ? Қылмыскер табылмаған күнде сақтық шаралары қандай болмақ керек?» Осы тақілеттес сұрақтарға жауап іздеген желі қолданушылары тіпті үндеу хат жазуға дейін барды.

Ажалмен арпалысып жатқан бейкүнә қыздың ендігі тағдыры тұрғындарды бей-жай қалдырған жоқ. Оқиға болған күннің ертесіне қылмыскердің түр-түсі шамалас портрет жан-жақтан іздестіріліп жатты. Әлеуметтік желіде мыңдаған жан бұл портретті өз парақшаларында бөлісіп, мұндай айуандыққа барған қылмыскер туралы хабар берген адамға 3 миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындағанын жазды.  «Мен ата-анамын, бұл оқиғадан кейін баламды мектепке жалғыз жібермек түгілі, үй алдында ойнауға далаға шығармаймын. Қорқып қалдым», — деп жазды Валентина Жаңабергенқызы өз парақшасында.

Өкінішке қарай, «Қылмыскер әлі табылмай жатыр» деген желеу сөз халықты одан әрі есеңгіретіп тастады. Облыс әкімі Алик Айдарбаевтың тапсырмасымен, Астанадан белгілі дәрігерлер шақыртылды. Кейін баланы  Астанадағы   «Ана мен бала» Ұлттық ғылыми орталығына жеткізіп, қатаң бақылауға алды.

Сәуле Әбілдаханқызы есімді журналист «Фейсбук» желісінде: «Телеарналарда түріктердің сериалы қаптап кетті деп ренжіп жатамыз ғой, бірақ сол сериалдардың әлеуметтік маңыздылығына мән бермейміз. Мысалы, «Фатмагүлді» түрік мемлекеті, елде қыздардызорлау оқиғасы көбейгендіктен, арнайы госзаказбен — студияға тапсырыс беріп түсірген. Бізде жүздеген сериядан тұратын әлеуметтік маңызды сериал не фильм түгілі, 1 минуттық әлеуметтік ролик түсіруге тапсырыс беретін кезі өте сирек. Мысалы, осы Жібектердің талайы Фатмагүлдің тағдырын кешіп жүр.
Қазір бұрынғы Қыз Жібектердей қыздар жоқ дейсіздер — қазіргінің Жібектерінің көбісі қорлықтың, зорлық-зомбылықтың, алдап-арбаудың құрбанына айналған
».

Көп ұзамай күдікті табылып, тергеу жұмыстарынан соң, кінәлі екендігі толықтай анықталды. Ары қарай жазалау шарасы қандай болмақ? Ең бастысы, әдеттегіше жазалау түрі жасырын қалмай, халық алдында  ашық айтылып, елге мейлінше ақпараттың дұрыс таралуына мүмкіндік жасалу керек. Бұл оқиғаның арты қатаң жазамен аяқталса, қыздардың тағдырына қауіп төнбес еді.  Ал 6 жасар қыз бәлкім биыл ақ бантик тағып,  1-сыныпқа аяқ басар еді…

Маңғыстауда ірі тұлғаларға арналған бірде-бір кино жоқ

Тамыз айында Бейнеу аудандық мәжілісінің депутаты  Нұржігіт Нұрболатұлы (Адайский) Маңғыстау тұрғындарына мынадай ұсыныс айтты:

«Құрметті маңғыстаулықтар! Тәуелсіздігімізге 25 жыл толса да, осы күнге дейін Маңғыстаудан шыққан тарихи тұлғалар туралы бір де бір кино жоқ. Ел болып, аға-апаларымыз, іні-қарындастар жабылып «Балуанияз бен Тұрманбет» туралы тарихи кино түсіртсек қайтеді? Ел болып аға-апаларымыз, іні-қарындастар жабылып «Балуанияз бен Тұрманбет» туралы тарихи кино түсіртсек қайтеді?

Айтуар Утегенов ағамыздың «Құла ат» шығармасы дайын сценарий. Ауызбірлікті Отпанда бас қосқанда көрсеткен елміз ғой. Осыны бір ыждағаттаса қалай болады? Алқажан ағамызды төраға сайлап, кеңес құрсақ қайтеді? Болатын шаруа ма, болмайтын шаруа ма? Ой қосыңыздаршы».  

Әбіш Кекілбайұлының, Светқали Нұржанның шығармаларын киноға айналдыру керек деген ой да шықты. Тақырыпқа тұздық ретінде төменде бұл мәселе жөнінде пікірлерді беруді жөн көрдік.

Маңдайлы Қосымбай: Нұржігіт, айналайын, ниет жақсы, көп қолдаса бітетін шаруа. Бірақ дұрыс кино түсіру өте қиын іс. Мемлекеттің миллиондаған теңге қаржысына шығарылған фильмдһердің өзі көрермен тарапынан қабылданбай, керексіз болып қалып жатады. Әсіресе, біздің елімізде. Бұл кәсіпқой киноға қатысты. Әуесқой түсірушілер бізде айтарлықтай дамымаған  сияқты. Әлемде әуесқой фильмдердің конкурс, фестивальдері өткізіліп тұрады. Интернетте болуы керек, любительское кино деген. Оған бір жанкешті керек. Табыла қойса? Қымбаттығы өз алдына мәселе.

Сәрсен Қадыр: Менің қуанып отырғаным, кино сынды күрделі мәселег халықтың ден қойып араласа бастауыв. Кино мәселесі, шынын айтқанда бізде өте әлсіз. Ел іші алтын қазына… араласа беру, пікір айта беру қажетті шаралар.

Шамшадан Аманқосұлы: Сергей Әзімов деген азамат ағамыз бар. Түсіреді де қояды. Әкелері Маңғыстаудан үстірттен құдық қазған Қараш жігіт. Біздің ел үшін жанын қиюға даяр жігіт. Көшпенділерді түсірген осы жігіт. Әкелерінің қазған құдығын іздеп келіп, көріп кетіп еді. Осы жігіт осы іске елім, жаным деп кірісер еді «Қазақфильмнен».  Аманжол Назар: «Жарамайды, жаңа форматты жастар керек. Әзімов те, Сатов та, Бекмамбетов та орыс тілділер, қазақтың жай күйін түсінбейтіндер.

Фархад Мұсаев: «Әрине, оңай шаруа емес. Халықтан түскен тиынмен кино түсіру дегенің енді… өзіміздің кәсіпкерлер қолдап жатса, шешіліп қалар. Елде парасаты мен дәулеті қатар біткен жігіттер көп қой. Бастап көрелік.

Бүгінде Тарас Шевченко туралы көркем фильм түсіру қолға алынды. Бұл – украиндықтардың тілегі. Маңғыстаудан шыққан тарихи тұлғалардың өнегелік өмірі кино түсіруге тұрарлықтай. Дегенмен, әлі күнге тарихи кино өндірісі елімізде ақсап тұр.  Алдағы уақытта бұл мәселе оң шешімін табар деген жалаң үміт жоқ емес.

Өзбекстан Президенті қайтыс болғанда…

Мен тек  Ислам Каримовтың еліне жасаған жақсылықтарын тізіп шығамын. Себебі өлген кісінің жаман ісін айтпайды дейді.

  1. Елдің сыртқы қарызы жоқ екен (тым аз, жоқтың қасы).
  2. Елдің ішіне сырттан түрлі діни ағымдардың бірде-біреуін кіргізбеген. Идеологиясы мықты.
  3. 1991 жылы халқы 19 миллион болса, соны 31 миллионға жеткізген (33-35 млн. бар дейді).
  4. Елінің тілін, дінін, дәстүрін жақсы сақтап қалған (Елінде орыстардың өзі өзбекше сөйлейді.) Міне мықтылық! Идеологиясы мықты және патриоттығы жоғары.
  5. Елінде көлік те, ұшақ та шығарылады. Яғни, «бізде бәрі шығарылады» деген жалған ұран мен «көзбояушылық» жоқ.

Мықты басшы келсе, Өзбекстан елі тез дамып кетеді.

Амангелді Ақынов («Фейсбук» парақшасынан)
Дайындаған Айгүл ДӘДЕН