Кәрім Мәсімов Құрық порты

Маңғыстау өңіріне жұмыс сапарымен Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов келді. Ең алдымен Премьер-Министр  Құрық паром кешені құрылысының жай-күйімен танысты.  Сонымен қоса «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин «Боржақты-Ерсай» жаңа темір жол желісінің Құрық паром кешені құрылысына дейін тартылған бөлігіндегі жұмыс барысы жайлы Үкімет басшысына баяндады.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан ірі инвестициялық жоба құрылысы  2015 жылдың сәуір айынан бастап қолға алынды. Жылына 4 милион тонна шамасында жүк өткізуге қабілетті  паром кешенінде қазіргі таңда 200-ден аса жұмысшы еңбек етеді.  21 гектарды алып жатқан терминал құрылысы барысында 4 миллион 600 мың текше метр жер қазылып, 12,5 шақырым темір жол Ерсай стансасынан Каспий теңізі жағалауындағы паром кешені құрылысына дейін жеткізілген. Құрық портының паром кешені құрылысының бірінші кезеңі 2016 жылы желтоқсан айында аяқталып,  пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Бейнежазба және суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ