Бұл жайында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалы, Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Маңғыстау филиалы бірігіп ұйымдастырған пресс-конференцияда айтылды. Шарада аталған мекемелердің 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмыстары сараланып, алдағы міндеттері айқындалды.

Конференция барысында облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Венера Мустапаева БАҚ өкілдерін «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясындағы кәсіпкерлікті қолдау шараларымен және аталған бағдарламаның Маңғыстау облысында жүзеге асырылуымен таныстырды.

15

-Ағымдағы жылдың бірінші жартжылдығындағы есеп бойынша шағын және орта бизнеспен айналысатындардың қатары өткен жылдармен салыстырғанда 5,1%-ға артқан, яғни 103 969 адамды құрайды. «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау құралы бойынша құрылған облыстағы аймақтық үйлестіруші кеңесінің жыл басталғалы 16 отырысы өтті. Онда 2 777,2 млн.теңгені құрайтын 76 жоба қолдау тапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есеге көбейіп отыр,-деді Венера Мустапаева.

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Берік Нұрғалиевтың айтуынша, жыл басынан бастап облыста қор кепілдігімен 539 млн.теңгеге 25 жоба несие алған. Осы жылы Egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы кепілдік алуға және нәтижесін 5 жұмыс күні ішінде бақылауға арналған ақпараттық жүйе пайдалануға берілген. Сонымен қатар, экономиканың басым секторларында қызмет атқармайтын кәсіпкерлерге несие ресурстары қолжетімді болу үшін қор «Даму-Optima» атты баламалы кепілдік бағдарламасын іске қосқан.

           11

Сондай-ақ, Маңғыстау облысының әкімшілігімен бірлесіп туризм саласындағы кәсіпкерлерді қолдау үшін аймақтық бағдарлама іске қосылған. Бағдарлама кәсіпкерлерге жылына 7,8 пайызға жеңілдетілген несие ұсынады. Жергілікті бюджеттен бағдарламаны қаржыландыруға 300 млн теңге бөлінген болатын, ал «Даму» қоры өз қаражаты есебінен 600 млн теңге қарастырған. Бағдарламаны жүзеге асыруға «Қазақстан Халық Банкі», «ЦентрКредит Банкі», «РБК Банкі», «Астана Банкі» қатысуда. Бүгінгі күні аймақтық үйлестіруші кеңесінде жалпы соммасы 658,5 млн. тенгені құрайтын 9 жоба қолдау тапқан.

-Сонымен қатар ағымдағы жылы «Даму» қоры жаңа бағдарламаны іске асыруды бастады. Яғни, франчайзингтік жобаларды қаржыландыру. Бағдарлама бастапқы бизнесті қолдау және франчайзинг схемаларын пайдалана отырып бизнестің жаңа бағыттарын дамыту мақсатында әзірленген. Бағдарлама қордың өз қаражаты есебінен іске асырылуда. Аталмыш бағдарлама бойынша 2016 жылы жалпы қаржы сомасы 1 млрд. теңгені құрайды,-дейді Берік Нұрғалиев.

1

Шарада сөз алған «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Маңғыстау филиалы директоры Мұрат Баймағамбетовтың айтуынша, филиал облыста ауылшаруашылығын және шағын бизнесті дамыту мақсатында шағын несилер беру арқылы қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі таңда филиал «Жұмыспен қамту жол картасы-202», «Бизнестің жол картасы-2020» және «Эко-даму» бағдарламалары бойынша кәсіпкерлерге шағын несиелер ұсынуда. Жыл басынан бері филиалдың несие комитетімен барлығы 244,7 млн.теңге құрайтын 83 өтініш қаралып, қанағаттандырылған.

-Оның ішінде 69 жобаға 200,7 млн.теңге несие берілді. Берілген несиелердің 83,5 % ауылшаруашылық саласына бағытталды. Сондай-ақ, қор «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында сенім білдірген өкіл ретінде қызмет атқарады. 2016 жылы аталған бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алуға және тұрғын үй құрылысын салуға 233 маманға 741,3 млн.теңге беру жоспарланған. Ал, бүгінгі дейін 190 маманға 15 жылға 0,01 %-бен 585,1 млн.теңге берілді. Яғни, 79 % орындалып отыр. Оның ішінде 1 маманға тұрғын үй құрылысын салуға берілді,-деп сөзін қорытындылады Мұрат Баймағамбетов.

Венера МИРЛАН,
Суреттерді түсірген Талант Құсайын