марафон

«Біздің денсаулығымыз – өз қолымызда!» Бүгін Ақтауда осындай ұранмен жыл сайынғы дәстүрлі «Денсаулық фестивалі өтті. Ауқымды спорттық шараға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, облыс әкімінің орынбасарлары, этно-мәдени бірлестік өкілдері, мектеп оқушылары мен студенттер, белсенді спортшы жастар мен өнерпаз өрендер қатысты.

Фестиваль таңертеңгісін «Жүру – зиян емес, жүрмеу – зиян» деген ұранмен жаяу жүру марафонынан басталды. Марафонға 3 000 мыңға жуық адам қатысып, таңғы теңіз самалымен 15 шағынаудандағы «Самал» қонақ үйінен 14 шағынаудандағы теңіз жағалауына дейінгі екі шақырымдық жерді жаяу жүріп өтті.

Мәреге жеткен соң марафонда ерекше көзге түскен қатысушылар марапатталды. «Марафонның ең жас қатысушысы» Ерсұлтан Ермекбаевқа, «Марафонның ең жасы үлкен қатысушысы» Күнзия Қожамбетова және мәреге алғаш болып келген үздіктерге спорт шарасынан естелік сыйлықтар табысталды. Ал, мәре сызығын бірінші болып кескен қалалық 8-ші өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Бекқазы Жалғасбаев пен қала тұрғыны Ольга Кузина бас жүлде велосипедті жеңіп алды. Сонымен қатар, шараны ұйымдастырушылар атынан аймақ басшысына велосипед табысталды. Өңір басшысы Е.Лұқпанұлы марафон жеңімпаздарын құттықтап, велосипедті марафонның ең жас қатысушыларының бірі сегіз жасар Тұрар Ізмұханбетке сыйлады. Сондай-ақ, «Денсаулық фестивалі» аясында қыздар арасында ұйымдастырылған волейбол ойынының жеңімпаздары марапатталды.

– Елбасы Н.Ә. Назарбаев алдымызға дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру туралы үлкен тапсырмалар қойды. Оған рухы биік, намысы жоғары, денсаулығы мықты ұлт қана кіре алады. Біз бүгін екі шақырым жерді жүріп өттік. Бірақ жиналған көпшіліктің көңіл-күйінің жарқындығына, сергектігіне қарап, екі емес, тіпті 5-10 шақырымды жаяу жүріп өтуге дайын екендігін көріп тұрмын. Спорттық шараға белсенді атсалысқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін, – деді облыс басшысы Е. Лұқпанұлы.

Бұдан әрі «Денсаулық» фестивалі спорттық сайыстармен және концерттік бағдарламамен жалғасты. Алаңға жиналған жастар қол күресінен, гір тасын көтеруден, ұлттық асық ойынынан бақ сынасып, үздіктерді анықтап жатты. Ал, сахнада өнерпаздар ән айтып, би билесе, каратэ-до, киокушинкай, айкидо айкикай федерацияларының тәрбиеленушілері спорттық көркем қойылымды жұртшылық назарына ұсынды. Жиналған көпшілікті Рио олимпиадасының қатысушысы боксшы Берік Әбдірахманов «Денсаулық» фестивалінің өтуімен құттықтап, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Фестиваль аясында спорттық шаралардың қатысушылары мен көрермендері Бастапқы медициналық санитарлық кешенде денсаулығын тексеруге мүмкіндік алды. Мұнда тұрғындар көз-құлақ дәрігеріне қаралып, рентген, томографтық тексерістен өтті. Ал қан талдау зертханасының қызметкерлері жүрмелі кешенде бір минуттың ішінде қан талдау сараптамасын өткізді.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН