Каспий теңізінің экологиялық проблемаларын шешу үшін күш біріктіруге және елдер арасындағы бір біріне деген сенімділікті нығайтуға ықпал еткен басты құжат—Негіздік конвенция, яғни Тегеран конвенциясы 2006 жылғы 12-тамызда күшіне енген болатын. Каспий күні деп жарияланған бұл күн содан бері қоғам назарын Каспий теңізінің ерекше қоршаған ортасы мен биологиялық алуан түрлілігін қорғау қажеттігіне аудару мақсатында теңіз жағасындағы барлық бес елде жыл сайын мерекеленуде. Бұл күн көбінесе жұртшылықтың қатысуымен конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, көрмелер, жәрмеңке, конкурс, концерт және басқа да шаралар түрінде атап өтіледі.

Ал Қазақстан, оның ішінде Маңғыстау халқы үшін 12 тамыз ерекше күн, себебі 2011 жылы 12-тамызда Тегеран конвенциясы Тараптары Конференциясының Ақтау қаласында өткен ІІІ сессиясында Каспий аймағы мемлекеттерінің өкілетті өкілдері «Мұнаймен ластануды туғызатын қатерлер болған жағдайдағы өңірлік дайындық, ден қою және ынтымақтастық туралы» хаттамаға қол қойды. Бұл халықаралық заңнамалық құжаттарда Ақтау Хаттамасы деп аталады.

Сейсенбі күні «Caspian Riviera Grand Palace» мейманханасында Каспий күні аясында дөңгелек үстел өтті. Маңғыстау облысының әкімдігі Тегеран конвенциясының Хатшылығымен және Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен бірлесе отырып ұйымдастырған басқосуды облыс әкімінің орынбасары  Руслан Сакеев кіріспе сөзбен ашты.

Маңғыстау облысының әкімдігі Тегеран конвенциясының Хатшылығымен және Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен бірлесе отырып ұйымдастырған дөңгелек үстел басында Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы міндетін атқарушы Марлен Айнабеков «Каспий теңізі биоресурстарының қазіргі жағдайы және тиімді пайдалану» туралы баяндама жасап, тақырыпты жан-жақты талдады.

Ақтөбе қаласындағы «Запказнедра» департаменті директорының орынбасары Ерен Жәкеев, Ресейдің Астрахань қаласындағы Каспий балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Сергей Шипулин, Дағыстан республикасы Махачқала қаласындағы қолданбалы экология ғылыми-зерттеу институтының директоры Гайиберг Абдурахманов, НКОК апатты жою және мұнай төгілуіне дайын болу жағдайын қамтамасыз ету жөніндегі менеджері Ғани Жарекесов теңіз қауіпсіздігіне және оны қорғауға бағытталған хабарламалар жасады.

Сондай-ақ «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ эколог инженері Гүлай Қарабатырова, Қазақстандағы Тегеран конвенциясымен байланыс жөніндегі ұлттық қызметкері Серік Ахметов және басқа ғылыми қызметкерлер теңіз жағдайын жақсартуға арналған ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Баяндама жасаған мұнай компаниялары өкілдерінің сөздеріне қарағанда, олардың барлығы теңізге мұнай құйылып, бүлінуі мүмкін жағдайға сақадай сай көрінеді. Атыраудағы «ҚазЭкопроект» компаниясының бас ғылыми қызметкері, биология ғылымының кандидаты Асқар Камиловтың айтуынша, бүгінде Каспий теңізіне жүргізілген экологиялық зерттеулер нәтижесі теңіз суының құрамы, ондағы жәндіктер мен жануарлар әлемінің жағдайы жақсы деңгейде екенін көрсетті. Бірақ қалдықтар бар. Енді сол қалдықтарды болдырмау амалын жасау қажет. Дегенмен, Каспий шағын ластануды өзі жеңіп, тазаланып кете алады. Алайда, оның да өз шегі бар. Сол шегіне жеткен кезде теңіз өзін құтқара алмай қалады да, оған біздің, адамдардың көмегі керек боп қалады. Мұнай компаниялары мұның алдын алу жағын қарастыруы тиіс. Әйтсе де, теңізге қауіп тек мұнай компанияларынан ғана төнбейді екен. Басқа су қоймаларынан ауып келетін жәндіктер мен жануарлардан да қауіп келіп жататын көрінеді. Мысалы, бір кезде Қара теңізден ауып келген медуза лезде көбейіп кетті. Бұл жәндік біздің шабақтарымыз қоректенетін планктонды жейді екен. Жемінен айрылған шабақтар аштан өліп, азайып қалған. Бірақ қазір медузаның көбеюі тоқтап, шабақтар да қалпына түсіп келеді.

Сондай-ақ Асқар Қадірәліұлы зерттеу жұмыстарын тек мұнай компаниялардың тапсырысы бойынша солардың учаскелерінде жүргізетінін, ал мұндай тар ауқымдағы жұмыстың нәтижесі ойдағыдай бола бермейтінін айтып қалды. Олардың жеке бағдарламаларында күңгірт мәселелер болуы ғажап емес. Сондықтан Каспий  теңізінің экологиясына арналған мемлекеттік бағдарлама болса деген ұсынысын және мемлекеттік бағдарламаға компания ғалымдарымен, бүкіл техникаларымен толыққанды қатыса алатынын айтты.

Басқосу соңында ортаға салынған ұсыныстар бойынша резолюция қабылданды.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

Суретті түсірген Виктория КУШЕРБАЕВА