Аптаның соңғы жұмыс күні түстен кейін аудан әкімдігінде жер қатынастары мәселелерін талқылау бойынша кезекті тәжрибелік семинар-кеңес өтті. Аудан әкімінің орынбасары Қ.Бековтың төрағалығымен өткен кеңейтілген кеңес жұмысына Маңғыстау облысының жер қатынастары, Маңғыстау облысы бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының, «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалының өкілетті тұлғалары, мекеме, бөлім басшылары мен жеке кәсіпкерлер қауымы, ауыл әкімдері,  бас мамандары қатысты.

Маңғыстау облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Е.Дүзмағамбетов жиынға қатысушы қонақтарды таныстырып өткен соң, күн тәртібіне қойылған мәселелерге көшті. 2017 жылы ҚР Жер кодексінде орын алған өзгерістер мен толықтырулар жөнінде және  2017-2018 жылдары жер қатынастары саласында атқарылатын шаралар бағдарламасын талқылау тақырыбында нақты түсінік жұмыстарын беру үшін сөз кезегін өзінің орынбасары М. Үйсеновке берді.

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану, азаматтық, банктік заңнаманы жетілдіру және кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, электр қуаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қатысушыларға  толыққанды түсінік жұмыстары беріп өткен лауазымды тұлға жер қатынастарын реттеу саласындағы міндеттерді жүзеге асыру үшін облыстық деңгейде 2017-2018 жылдарға жоспарланған шараларға тоқталды. -Жер учаскелерінің барлық жеке меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жерлеріне құжаттамалық түгендеу, мемлекеттік жер кадастрының есебін жүргізу, геопорталды меңгеру арқылы бүлінген жерлерді түгендеу, жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкасын және оның түзету коэфициентін белгілеу арқылы бағалау аймақтарының шекара сызбасын құру, елді мекен аумағындағы жер учаскесінің иелері мен жер пайдаланушыларының, басқа да субъектілердің жер қатынастары құқықтарын мемлекеттік тіркеу мақсатында жер учаскілері санының есебін жүргізу, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін өтеусіз алу мақсатында кезекте тұрған тұлғалардың тізілімін жасау, елді мекендердің шекарасын белгілеу кезек күттірмейтін міндет. Осымен қатар «Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысын және «Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы» Заңы негізінде жер заңнамасының келесі нормаларын 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін тоқтата тұруды көздейді. Олар -мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін ҚР азаматтары мен заңды тұлғаларына жеке меншікке беру; — мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ тұлғаларға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай- ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын ҚР заңды тұлғаларына жалдау құқығында беру. Сонымен қатар лауазымды тұлға қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру институтын сақтау және жетілдіру, жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті мөлшерін белгілеу, шекаралас аудандарда ауыл шаруашылығы жерлерін беруге талаптарды күшейту, халықтың мұқтаждықтары үшін қажетті жайылымдар алаңын анықтау, азаматтардың жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру мұқтаждығын мемлекет қажеттілігіне жатқызу және мемлекет қажеттілігі үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы түсіндірме жұмыстарын берді.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе — «Мемлекеттік бақылау және қадағалау үдерістері бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілері мен лауазымды адамдарының тексеру жүргізу кезінде анықталған бұзушылық деректері бойынша қолданылатын шаралар» туралы аталған басқарманың бөлім басшысы А. Ұзақбайұлы баяндама жасаса, «Жер қатынастары саласындағы композиттік қызметтер мен жұмыс барысын тиімді реттеуге бағытталған шаралар» тақырыбында «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ Маңғыстау облысы бойынша филиал директорының бөлім басшысының орынбасары М. Доскеевтың баяндамасы тыңдалып, мамандар тарапынан «ҚР-ның Жайылымдар туралы заңына  және көрсетілген шараларды жүзее асыру» бағытында түсіндірме берілді. Семинар барысында қатысушылар тарапынан туындаған сан-салалы сұрақтарға тұшымды жауаптар берілді.

Жалғас БЕРДІМҰРАТҰЛЫ, «Қарақия» газеті