«Хан-шахар» салтанат сарайында Халықаралық әйелдер күніне орай аяулы да асыл жандарға арнап ақ дастархан жайылды. Тал бойына ізгілік пен іңкәрлік тұнған, күлкісі -күн, жүзі — нұр нәзік жандылар, бақыттан бал-бұл жанып, жайраң қаққан бойжеткендер құшағы қызыл-жасыл гүлге толды. Өңір басшысы А.Айдарбаев күлімкөз көктемнің ең көркем мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Көктемнің алғашқы күндерінің осындай әсем салтанатпен басталуының өзіндік ерекшелігі бары сөзсіз. Себебі адамзат өз өмірінің бастауын Анадан алады. Сүйіспеншілік пен іңкәрлік, сұлулық пен махаббат, қайырымдылық пен ақылдылық сияқты қасиеттерді өн бойына сіңіре білген ұлы тұлға, ол – Ана»-деп атап өтті А.Айдарбаев.

Қазақтың қарасын көбейтуге қарымды үлес қосқан алтын құрсақты аналар марапатталды. Түпқарағандық Жанат Сатыева 6 баланың анасы. Балаларының үлкені  16 жаста, ал ең кішісі биыл екіге толады. Ел демографиясына қосқан үлесі үшін ол «Күміс медальды» иемденді.

Сонымен қоса, кеше Абай атындағы мәдениет сарайында  8  наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік кеш өтті. Қыр гүліндей құлпырған қызғалдақ-қыздар, жүзінен мейірім нұры ескен ақжаулықты аналар мен апалар әуелеген әуезді әнге елітіп, елік лағындай мың бұрала билеген бишілер өнерін тамашалады. Барша нәзік жандылар қауымын өңір басшысы құттықтап, жылы лебізін білдіріп, ақжарма тілегін ағытты. Ол өмір өзегі, әлем тұтқасы, отбасы ұйытқысы, бақ-берек бастауы әйел екендігін  ескеріп, олардың  қоғам өмірі мен саясат сахнасындағы салмақты рөлін айқындады. Кеш бойы аяулы жандар зор құрметке бөленіп, сый-сыяпатқа кенелді. Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары кеш көрігін қыздыра түстті. Әйгілі Маржан Арапбаева, Бауыржан Ретбай жаңа әндерін тыңдарман жүрегіне жолдады.

Голрох Жеменей
Суреттерді түсірген Серік Майемеров

0879

0918

06 (1)

014

028

030

047

023

069

0890