Елімізде кәсіп пен мамандықтың түр- түрін меңгеріп, өз саласында жемісті еңбек етіп жүрген нәзік жандылар көп. Экономикада үлес салмағы басым өндірі стің өркенді дамуында әйелдер қауымының еселі еңбегі мен қажырлы қайратының үлесі жатыр. Өндірістік өрлеу жолындағы «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы жанынан құрылған Жас мамандар кеңесі Абай атындағы мәдени- демалыс кешенінде Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған кеш өткізді. Шұғылалы мерекеде нәзіктік пен сұлулық атаулыны бойына жинаған қыз-келіншектер мен аяулы ана, әжелеріміздің құшақтары гүлге толып, құрметке бөленді.

Екпінді еңбек тынысын толастатпай, өндірістің өтінде ерлермен иық тіресе еңбек етіп жүрген нәзік жандылар жұмыстан бір сәт сергіп, көңілді кештің сыйлы қонағы болды. Салтанатты сәтте басшы азаматтар әйелдер қауымын шуақты мерекемен құттықтап, ақжарма лебізін білдірді.

– Құрметті қыз- келіншектер, аяулы аналар! Сіздерді осынау көктемнің алғашқы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бойлары ізгілікке, іңкәрлікке, нәзіктік пен әсемдікке тұнған нәзік жандылар қашан да отбасының берекесі, ынтымақ пен ырыстың ұйытқысы.Ұлт пен ұрпақтың бесігін тербетіп, тәрбиесін түзейтін, тіліміз бен дінімізді санамызға сіңіретін асыл жандардың өмірімізде алатын орны зор. Ұлттық болмыс, тәрбие бастауы, мейірім мен сұлулық әйел табиғатымен астасып, үндесіп жатыр. Тәуелсіз еліміздегі бейбіт өмір мен бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы да өздеріңіз. Бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке тілеймін! – деді «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ адам ресурстарын басқару жөніндегі вице- президенті Серік Әбденов.

Салтанатты кеште сөз сөйлеген облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов Тәуелсіз еліміздің ұл-қыздарын тәрбиелеп, қоғам ісіне білек сыбана кірісіп, азаматтарға сенімді тірек болып жүрген нәзік жандыларға алғыс айтып, игі тілегін жеткізді. Көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтаған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн компанияның жетістікке жетуінде, мұнай- газ саласының өркендеуіне әйелдер қауымы зор еңбек сіңіргенін айтып, ізгі лебізін білдірді.

– Ардақты аналар, қадірлі қыз-келіншектер, қарындастар! Сіздер әрқашан да ізгіліктің, сұлулықтың, нәзіктік пен дархан көңілдің көрінісі болып келесіздер. Бүгінгі мереке – сіздерге деген шынайы құрметіміздің белгісі. Мерекелеріңіз құтты болсын! Әр отбасының береке- бірлігін қалыптастырып, халқымыздың салт- дәстүрін, оның мәдениеті мен тарихын, тілін қадірлеуді ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп жүрген сіздерге шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Өмірімізге сән беріп, шуақ шашып, жүзінен мейірім лебі есіп тұратын әйелдер қауымын төл мерекемен құттықтап, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық пен баянды бақыт тілеймін, – деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев.

Ретро стилде өткен мерекеде әуелеген Ана туралы әсем ән, әсерлі қойылым салтанатты шараның сәнін келтірді. Қойнауы құтқа толы түбектегі жер асты байлығын ел игілігіне асырып жатқан компаниялардың мұнайшы өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, көрермендердің көңілін көкке көтерді. Жан жадырататын шуағы мен нұр-шапағатын ала келген көктемнің алғашқы мерекесіне ерекше дайындалған мұнайшылар әйелдер қауымына әсерлі де әдемі кеш сыйлады.

– «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы ұйымдастырған мерекелік концерт өте жоғары деңгейде өтті. Сахнада ән- күй орындап, өлең оқыған мұнайшылардың өнеріне тәнті болдық. Екі сағат өткен кеште уақыттың қалай өткенін білмей қалдық. «Маңғыстаумұнайгазға» сервистік қызмет көрсететін «Ойл транспорт корпорэйшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2007 жылдан бері жұмыс жасаймын. Біздің серіктестікте менімен бірге ауысымда 10- ға жуық әйел адам жұмыс жасайды. Ұйымдастырушыларға бүгінгі сый-құрметке алғыс айтамын. Мереке құтты болсын!, – деді «Ойл транспорт корпорэйшн» ЖШС-ның аға диспетчері Ботакөз Ажханова.

Осылайша, мерейлі мерекеде сүйіспеншілік пен іңкәрлік, сұлулық пен махаббат, қайырымдылық пен ақылдылықтың бар болмысын бойына сіңірген әйелдер қауымы ыстық ықыласқа, шат-шадыман шаттыққа бөленді.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

01

02

03

05

06

07

08

09

10

11

12

13

14

15

16

17

18

19

20