Балғын  бөбектердің  бал тілін былдырлатып, балалықтың базарын шалқытатын, бала шақтан болашаққа бастайтын баспалдақтың негізін қалайтын бағыт-бағдар  –  балабақшадан басталады. Ел болашағы – бүгінгі ұрпақ болса, сол ұрпақтың тәрбиесі мен тәлімі, білімі мен дүниетанымы балабақшадан бастау алады. Ал, еліміздің ертеңі биік мақсаттар мен жаңа бетбұрыстарға бағыт алуда. Демек, бүгінгі балабақшаларға қойылатын талап пен тәртіп те ең озық, ең заманауй және ең таңдаулы болуы керек. Қазіргі  таңда балабақша да берілетін білім мен тәрбиенің  деңгейі қандай? Ертеңгі заман талабынан, замана көшінен қалып қойған жоқпыз ба?- деген  ой да жоқ емес еді. Алайда, бүгінгі барған сабантой салтанаты көңілдерге  қуаныш сыйлап, күдігімізді сейілтті. Құрықтағы ең заманауй үлгіде салынған балабақшалардың бірегейі – «Болашақ» балабақшасы. Атына заты сай. Еліміздің болашағы қалануда, бұл бақшада…

Бүгін «Болашақтың» іші-сырты жанға толыпты. Жан-жақтан ағылған ата-аналар мен ақжаулықты әжелердің көңіл-күйі көтеріңкі. Сабантой  салтанатына сай бақша ғимараты сәнді безендірілген. Кіре берісте ата-аналар әзірлеген күзгі көрме, жеміс-жидектер мен көкөністер базары. Жомарт күз сыйлаған байлықты қолдана отырып, шебер қиялдан туындаған көркем ойды жеткізген көрмеден көзіңіз сүрінеді. Бәрі де ұстаздар мен балақайлардың және олардың ата-аналарының еңбегі. Жиналған қауым балабақшаның кіре берісінде орналасқан үстелдерге жайғасты.Алтын күздің құрметіне ата-аналар көмегімен ашқан «Алтын жапырақ» дәмханасы кең дастархан жайыпты. Аналар мен балаларды, ақжаулықты әжелерді балабақша меңгерушісі Гүлайым Бөлтекова құттықтап, сабантой салтанатының бағдарламасымен таныстырды. Бұдан соң, жиналған қауым  аулаға шығып, күзгі олимпиадаға қатысты. Арнайы жасақталған жасыл алаңда спорттық сайыстар жалғасын тапты. Арқан тартып, қапқа салынған көкөністерді көтеріп, атағашта тұрып  алмамен ұрып құлату, қапқа түсіп секіру сияқты қызықты ойындарға ата-аналар белсене қатысты.Спорттық сайыстар аяқталысымен, сабантой ғимарат ішінде жалғасты. «Жомарт көңіл жарқын күз!» мерекесі енді сән үлгісінен басталды. Керемет! Әр түрлі қалташалар мен газеттерден, ойын картасы немесе басқадай қарапайым дүниелерден нақышына келтіре жасаған  көйлектер мен жабынтақтар, күртешелер мен белдемшелер, баскиімдер киген балалар мен аналар сап түзеді. Ойлап табудың қияли қабілеттерін айтсаңызшы! Сәнгерлік қырлары жаман емес.Ойдан жасаған сән үлгілерді күзгі жапырақтармен,  жемістермен безендіре көмкерген. Сән шеруінен соң үздік сәнгерлер (ата-аналар) және спорттық сайыстың жеңімпаздары  марапатталды. Айта кетейік, бұл ұжымда «Жас футболшылар» тобы жасақталғалы екі айдай уақыт өтіпті. Г.Бөлтекова, өз ұсынысымен келіп балғындарды ақысыз тегін оқытып, аяқ допқа  баулып жүрген  зейнеттегі спортшы, бапкер Ануар Алабердовке алғыс айтып, сый-сияпат ұсынды. Балабақша бүлдіршіндерінің концерттік бағдарламасы да  түрлі ойын-сауықпен әрленіп әсерлі өтті. Сары күз бен сарғайған жапырақты жырлап, жомарт күз сыйлаған табиғат байлығымен мақтанып, күзгі табиғаттың сұлулығына назданып би биледі, ән айтты.Тәрбиелік мәні бар, бірлікті дәріптейтін есті ертегілер еліне саяхат жасады. Ана тілдерін ардақтап, сондай-ақ орыс және ағылшын тілінде көріністер қойып, тақылдатып тақпақтар оқыды. Айтпағымыз да осы еді. Болашағымыз- үштұғырлы тілге бет бұрды.Бұл бетбұрыс дәл осы балабақшадан басталуы керек. Ботақандар жарады! Тәп-тәуір ағылшыншасы да бар екен. Замана талабына төтеп беретін зайырлы қоғамның болашағы – міне, осылар! Кіп-кішкентай серілер мен көркем қыздар ақылды да алғыр, өнерлі де білімді ең бастысы,  замана талабына сай бүр жарып, өсіп келеді. Қазақтың  жарқын болашағы — «Болашақ» сияқты  мыңдаған бақшаларда бүр жарады! Ар намысты ту еткен тәуелсіз елдің арда ұрпағы  аман болса, әлі талай асуларды бағындырады..

Шынар КЕНДІН 

%d0%b1%d0%be%d0%bb%d0%b0%d1%88%d0%b0%d2%9b-01