Бүгінгі таңда мал өсірумен айналысатын кәсіпкерлер төккен терінің игілігін көре алмай отыр. Себебі, малдан алынатын өнімдердің өткізу бағасы тым төмен, ал оны асырап-бағуға кететін шығын мөлшері шаш етектен. Мал шаруашылығын тиімді салаға айналдыру үшін не істеу керек? Оған қандай факторлар қолбайлау болуда?

Жуырда аудандық ішкі саясат, тілдерді дамыту бөлімінің акт залында өткізілген дөңгелек үстел басында бас қосқан кәсіпкерлер осы сұраққа жауап іздеп көрді.

Маңғыстау облыстық «Атамекен» Кәсіпкерлер Палатасының ұйымдастыруымен өткізілген кеңейтілген жиынға Палата директоры Олжас Қаржауов, орынбасары Мирлан Хусаинов, «Маңғыстау» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ЖШС- нің директоры Ақтанәлі Исмаил, орынбасары Олжас Мусин, аталған серіктестіктің түйе малы бойынша эксперті Күзембай Ерғалиев, аудандық «Атамекен» Кәсіпкерлер Палатасының қызметкерлері, аудандық мәслихат хатшысы Ахмет Мееров, аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ержан Бегниязов, аудандық ветеринариялық станса басшысы Әділхан Қойланбаев, бір топ кәсіпкерлер қатысып, өз ойларын ортаға салды. Басқосудан республикалық «Хабар» телеарнасының облыстық филиалының қызметкерлері тікелей хабар жүргізді.

Облыстық «Атамекен» Кәсіпкерлер Палатасының директоры қатысушылар назарына түйе малын өсіру, шаруашылықты дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан іргелі шараларды бейнебаян арқылы ұсына отырып, алдағы кезеңде кезегін күтіп тұрған істерге тоқталды.

— «Республикамызда мал баққан шаруаларды шағын несиелендіру бағытында жаңа бетбұрыс жасалды.Біздің аймақта түйе өсіру мәселесі көш басында тұрғандығы себепті осы саланы оңалту мақсатында биыл облысқа 580 миллион теңге бөлінді. Түйе шаруашылығын қалайша гүлдендіріп, пайдаға кенелуге болады? Бұл күрмеуі қиын мәселені оңтайлы шешу мақсатында жанжақты талдау жұмыстары жүргізілуде. Жақында осы аталған мәселелер бойынша облыс әкімінің қабылдауында боламыз»-деген басшы ойын әрі қарай өрбітті.

«Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас»-деген. Жеке кәсіпкерлер өз күшімен дамудың даңғыл жолына түсе алмайды, себебі олардың мүмкіндіктері шектеулі. Олар мемлекет тарапынан несие ала алмайды, субсидияға қол жеткізулері қиын. Шаруашылықты өрге бастыру үшін ұжымдық бірлестік- тұтынушылар кооперативін құру қажет. Жетістікке жетудің жалғыз да төте жолы- белгілі бір мүшелік жарнаны төлеп, кооперативке ену. Кейбір малбегілеріміз бұл жағдайда малы да ортаға түсуі мүмкін деп есептейді. Бұл түбірімен қате пікір. Ұжым мүшелері ортақ капиталды қайда жұмсайтынын өздері шешеді. Сонда ғана банктен несие, мемлекет тарапынан субсидия алуға кеңінен жол ашылады. Мемлекеттік саясат бізді осылай жасауға алып келе жатыр. Елімізде биеден қымбат бағалы өнім- құрғақ сүт дайындау жолға қойылған: енді түйе сүтінен құрғақ сүт өндіру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Біздер кәдеге асыра алмай жатқан түйе жүнінен қымбат бағалы төсеніштер шығарылуда. Біз ортақтасып, іріленгенде ғана осындай игіліктерге кенелеміз. Қазір облыс аумағында екі жерде мал өнімдерін қабылдап, одан дайын өнімдер шығаратын пункттер жұмыс жасап тұр. Енді осындай пункттерді жергілікті жерлерде ашпақшымыз. Сонда құны төмен, қолжетімді өнімдер өткізуге қол жеткіземіз. Иран елінде көкөніс өндіруге бағытталған тұтас агроаймақ кешені салынған. Құрық ауылынан осындай үлгідегі кешен салынуда: нысан пайдалануға берілген жағдайда өнімнің өзіндік құны төмендейді» — деген О.Қаржауовтың сөздері көпшілікті ұйыта түсті.

Өзінің бай тәжрибесіне сүйенген ауыл шаруашылығы қызметінің ардагері К. Ерғалиев жергілікті жерден өндірілетін мал өнімдерінің сатылу бағасы не үшін төмен болып отырғандығына түсінік бере келе кооператив құрудың пайдалы жақтарына тоқталып өтті.

— «Біздер-жеке кәсіпкерлер, өзіміздің дәрменсіздігімізден өндірген өнімдерімізді төмен бағаға алыпсатарларға көтертіп жіберуге  мәжбүрміз. Тауарды өзіміз өткізуге уақытымыз тапшы. Саудагерлер өнімді өз кезегінде қымбат бағаға сатып, таза пайдаға кенелуде. Ұсақ партиямен сауда жүргізетін болғандықтан іргелі сауда нүктелерімен келісімге отыра алмаймыз. Ал, ортада жүрген алыпсатарлар жоқ жерден байи түсуде. Біз бұған нүкте қоюымыз қажет. Сендерде үрей басым, сондықтан біріге алмай отырсыңдар. Пайдаға кенеліп, лайықты өмір сүруіміз үшін бірігу қажет!». Басшының сөзі осыған сайды, біздің де оған алып- қосарымыз жоқ. Дөңгелек үстел басында сөз тізгіндеген А. Мееров, Е. Бегниязов, Ә. Қойланбаев, өзге де кәсіпкерлер кооперативтің артықшылықтарына тоқталып, ортақ мәмілеге келуге шақырды.

Басқосу қорытындысымен сөзді түйіндеген О. Қаржауов мәселеден іске көшетін кез жеткендігін айтып, екі ай ішінде мәселенің оң шешімін табатындығына сенімді екендігін жеткізді

Екі арадағы сең қозғалып, тараптар арасында түсінушілік орын алды. Іске сәт дейік!

Жалғас БЕГЕЙ