Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттық діліміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы. Бұл ретте Қазақстан Республикасының тіл саясаты мемлекеттік тілді дамытуға және республикада қолданылатын өзге де тілдерге жағдай жасауға бағытталған. Бүгінде Елбасының Қазақстан халқына жолдаған жолдауында белгіленген басым бағыттардың бірі – барлық халықты біріктірудің басты факторы ретінде мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға басты назар аударылып отыр. Сондықтан қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту және оның әлеуметтік – коммуникативтік міндеттерін кеңейту ел саясатының басты стратегиялық басымдығы болып қала береді.

Қазіргі таңда мемлекеттік органдар мен ұйымдарда, қоғамның жан-жақты салаларында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында нақты қадамдар жасалуда. Басты мақсат – тілдік мұраны сақтап, қоғамдық өмірдің барлық саласында қазақ тілінің қолданылуын қамтамасыз етіп, оның барынша дамуына қол жеткізу. 1989 жылғы тұңғыш Тіл туралы Заң, алғашқы Конституция қабылданар тұстағы талас-тартыс, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесінің бекітілуі, мұны нығайта түсу үшін 1997 жылы тіл туралы жаңа заң қабылдануы болды. «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы», «Тілдер туралы заңдардың сақталуына бақылау жасаудың тәртібі туралы ереже», «Мемлекеттік тілде құжат дайындауды жүзеге асыратын әкімшілік қызметшілерді көтермелеу туралы» қаулылары қабылданды.

Ана тілдің кеңінен қолданылуы қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабына сәйкес, елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілі болып табылатыны баршамызға мәлім. Осы аталған баптың 2-бөлігіне сәйкес, мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатыны көрсетілген. Сот жүйесінің барлық іс-құжаттарын мемлекеттік тілде жүргізу қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және Маңғыстау облыстық сотының төрағаларымен үнемі қадағаланып отыр. Қазіргі таңда Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ішкі және шығыс құжаттары  толығымен қазақ тілінде дайындалады. Ал кіріс құжаттар мемлекеттік және ресми тілде келіп түседі. Ресми тілде сот кеңсесіне келіп түскен құжаттар міндетті түрде қабылданып, оларға жауап мемлекеттік және орыс тілінде беріледі.

Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңының аясы тиісті әр қазақ отбасында, қоғамда мемлекеттік ұйымдарда мемлекеттік тілдің қолданылуын күшейтіп мәртебесін арттыру баршамызға міндет. Қазақ ұлты барда қасиетті қазақ тілінің қадірі артып, мәңгі жасай берсін! Ана тілдің  жанашыры өзге емес, өзіміз екенін естен шығармайық, ағайын!!!     

Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының
бас маманы Бегжанова Жұлдызай