қазақ тілі

Қазақ халқының тіл қазынасының аясы шексіз. Қай заманнан тілге бай, көңілі ашық, қонақжай халықтың аузын ашса көкірегінен жүрегі көрінеді. Шапқыншылық заманында небір шешімі жоқ дау-дамайларды би шешендер бір ауыз сөзбен шешкен. Қазақтар сол бір ауыз сөзге тоқтаған. Өз ойыңды ұзынынан ұзақ, саны көп, сапасы жоқ сөздермен шұбырта жеткізсең, тыңдаушылар жалығады, түсінбеуі де ықтимал. Тоғыз ойдың тобықтай түйінін бір ауыз сөзбен жеткізу, тыңдаушының санасына қондыру  — сөз шеберлігінің шыны. Қоржынында мағынасы шексіз мақал-мәтелдер мен қара сөздерге толы, ойыңды қысқа және нұсқа жеткізуге жол көрсететін ана тіліміздің беделін одан әрі көтерейік.

Мемлекеттік тіл – болашақта барша халықтың ауызекі тіліне айналуы тиіс. Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйренуі үшін мүмкіндіктер жеткілікті. Сонымен қатар, ана тілін білмей, өзге тілде шүлдірлеген қандастарымызға да ойланатын уақыт жетті. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген зиялы сөз бар. Біздің болашағымыз – жастар. Жастар бала-бақша мен мектептерден бастау алады. Оларды ана тілінде сөйлеуге баулу біздің міндетіміз. Биыл тәуелсіздік алып, Егеменді ел болғанымызға жиырма төрт жылдан асты. Тәуелсіздікке қол жеткен жылдан бастап ел басы тіл мәселесін бірден қозғады. Жалпы, тіл саясаты мәселесі оп-оңай шешіле салатын дүние емес. Бұл саясат қоғамдағы әр түрлі факторларды есепке ала отырып жүргізіледі. Сондықтан Тәуелсіз Қазақстанда оңтайлы әлеуметтік-лингвистикалық кеңістік құруға арналған шаруалар тіл саясатын кезең-кезеңмен іске асыруды жолға қойған болатын.

Перизат Нұрманова
Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының бас маманы