Елбасы ұсынған бес институттық  реформаны орындау мақсатында Ұлт жоспарының халыққа таныстырылғанына көп бола қойған жоқ. Дегенмен, осы азғана уақыттың өзі еліміздегі негізгі салалардың жұмысына жан бітіріп, жаңа заңнамалардың қабылдануына жеткілікті болды. Бүгінгі күні Ұлт жоспарының дер кезінде қабылданған, нақты ұсыныс айтып, жол көрсететін құжат екенін өз еліміз тұрмақ, шетелдік сарапшылар да мойындап отыр. Өйткені, онда жаһандық дағдарыстан шығынсыз шығудың ғана емес, елдегі тыныштық пен  тұрақтылықты сақтаудың, халықты ортақ мақсатқа жұмылдырудың, қаржылық қиындықтан пайда табудың түрлі жолдары көрсетілген. Ендігі міндет- жоспарды алтын қазық етіп, ондағы басымдықтарды өмір шындығына айналдыру. Ал, осы мақсатта қабылданып жатқан заңнама  саны қазір 50-ден асты.

100 нақты қадамнан тұратын бұл маңызды құжаттың екінші тарауы заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы, заң үстемдік құрған елде ғана тұрақты даму мен тыныштық болатыны баршаға белгілі. Осыған орай, күштік құрылымдар мен сот жұмысын мейлінше жетілдіруге бағытталған тапсырмалар қазір кезең-кезеңімен іске асуда. Жоспардың негізгі мақсаты аурудың сыртқы белгісін сылап-сипап қою емес, оларды «жүйелі емдеу»  болғанына осы аз уақыттың өзінде көз жеткіздік.

Мәселен, 22-қадамда азаматтардың конституциялық құқын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттіктерді тергеу судьясына біртіндеп беруді қамтамасыз ету арқылы сотта айыпталушы мен қорғаушы арасындағы  теңгерімді сақтау көзделген. Дәл қазіргі кезде тергеу судьясының құзыреті кеңейіп, сотқа дейінгі тергеудің сапасы да біршама артқаны байқалады. Сондай-ақ, 26 қадамда сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеңілдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту тапсырылған. Осыған орай, Азаматтық іс жүргізу кодексіне тиісті өзгертулер енгізіліп, прокурорлардың сот отырысына қатысуы азайды. Мұның барлығы Ұлт жоспарының мемлекеттік қызметті сапалыландыруға, жұмыстың тиімділігін арттыруға, халықтың сенімін нығайтуға қаншалықты көмектесіп жатқанын көрсетеді.

Бүгінгі күні сот жүйесінде Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары-100 нақты қадам» бағдарламасын, сот төрелігін жүйелі іске асыру жұмыстары жүргізілуде.Елімізде соттан ашық, соттан жария бірде-бір мекеме жоқ десем қателеспеймін. Ия, халықтың сотқа деген көзқарасы жақсарды. Дегенмен, халықтың әлі де сотқа үрке қарайтыны  да шындық. Десек те бүгінгі сот жүйесімен кешегі сот жүйесінің айырмашылығы  жермен көктей.

Сот-тәуелсіз, сот-әділ, сот-халықтың тірегі. Тәуелсіз еліміз сатылап, сан соқпақтан өтіп, бүгінгі күнге жеткен болса, егемен елдің сот саласын да түлеткен жылдар бойы жасалған жұмыс, ізденіс, еңбек болатын. Осы күнге дейін Қазақстанның сот саласы  талай жаңашыл реформалардың шеңберінде қалыптасып, алға дамыды. Заманмен бірге заңның өзгергенін халық біліп те, көріпте жүр. Сол көреген көздер кешегі сот ғимаратын бүгінгі ғимараттармен, кешегі судьяларға жасалған мүмкіндік пен бүгінгі қазыларға жасалған игіліктің айырмашылығы жер мен көктей екенін біледі.

Кешегі билердің жолын жалғап жүрген судьяларға деген құрмет те жоғары, оларға қойылатын талап та биік. Мемлекеттік мекемелер арасында жариялылық пен ашықтықтың үлгісі болып отырған сот жүйесі осы уақытқа дейін қолдаудан, Елбасының назарынан тыс қалған емес.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өз сөзінде: » Сот-құқықтық реформа сот жүйесінің тиімділігіне байланысты  түбегейлі проблемаларды шешуді көздейді, бұл мемлекеттің әрі қоғамның басты назарында болуы керек. Соттарда мыңдаған адамдардың тағдыры, өзара даулары шешілетін, олардың құқықтары мен  бостандықтары қорғалатыны баршамызға мәлім. Соттар қызметінің тиімділігі, олардың шығаратын шешімдерінің әділеттілігі мен жедел және  толық орындалуы- кез келген мемлекеттің демократиялық дамуының негізгі көрсеткіші. Соттардың шешімдеріне қарап қоғамның мемлекетке деген көзқарасы қалыптасады, заңның үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың мүдделерін қорғау қабілеті бағаланады»,-деп атап көрсетті. Шынында да соттың беделін көтеретін жариялылық, ашықтық, қолжетімділік қана емес, оның пәрменділігі сот шешімдерінің орындалуымен де қуатты болмақ.  Сот реформаларының арқасында қазір әскери соттардың барлығында электронды құжат айналымы жолға қойылып, талап арыздарды көпшіліктің ғаламтор желілері арқылы жіберіп, бақылап отыруына  жағдай жасалуда. Қағазбастылықтан арылып, уақытты үнемдеп отырғанымыз да  осы реформалардың жемісі. Соңғы уақытта сот жүйесіне енгізілген алқа билер соты, медиациялық тәсілмен дауларды шешу тетігінің табылуы, инновациялық технологиялардың қолданылуы судьялардың жүктемесін азайтуға үлкен серпін беретін бастамалар сот жүйесі дамуының айқын көрсеткіші.

Ұлт жоспарындағы сот қызметіне қатысты қадамдардағы Президент тапсырмалары мен алға қойған мақсат- міндеттердің нақтылығы- ұлттық сот жүйесін дамытудың қайнар көзі.

М.Алдабергенов,
Ақтау гарнизоны әскери сотының төрағасы