Балаларымен бірге Батыр ауылында қуықтай контейнерді паналап, ілме-талма күнелтіп отырған Гүлраушан Сапагуловаға облыстық мемлекеттік кірістер департаменті қайырымдылық көмегін көрсетті.

Жалғызбасты ананың тұрмыс жағдайының төмендігінен хабар тапқан департамент өкілдері оның шаңырағына азық-түлік өнімдерін жеткізіп берді. Ананың алғысын алып, көптің қолдауымен іргетасы көтеріле бастаған үйіне атап алып барған кір жуғыш машинасын тарту етті.

−  Мұқтаж жанға жәрдем беру − әрбір адамның азаматтық парызы. Сондықтан біз де Г.Сапагулованың әлеуметтік ахуалына бейжай қарай алмадық. Басшылықтың атынан арнағанымызды табыстап, балаларын бір өзі өсіріп отырған анаға көңіл демеуімізді айтып қайттық. Үйінің құрылысымен таныстырып, мәре-сәре болды. Алдағы ауқытта да қолдан келген қолдауды жасау жағын қарастырамыз,-дейді мемлекеттік кірістер департаментінің Мұнайлы ауданы бойынша басқармасының басшысы Марат Таңатаров.

Шахида ЖҰМАН