facebook

Маңғыстау өңірінде облыс әкімі Ералы Тоғжановтан бастап, барлық қала, аудан басшылары фейсбукке тіркелді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Облыс басшысы Ералы Тоғжанов алғашқы жазбасын маңғыстаулық «Каспий» футбол клубы мен теміртаулық «Шахтер-Болат» клубының арасындағы ойынға арнаған. Бұл ойында Маңғыстау футболшылары 2:0 есебімен алға шыққан еді. Енді жергілікті клуб алматылық «Қайрат» клубын қабылдамақ. «Қайрат» соңғы рет Маңғыстауға осыдан 18 жыл бұрын келген.

akim әкімдер фейсбук

Желіге Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов, Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев, Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаров, Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов, Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков, Маңғыстау ауданының әкімі Тілек Қошмағанбетов, Түпқараған ауданының Айдос Хамиев те қосылған.

Естеріңізге сала кетейік, 27 наурызда 14 облыс, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері қатысқан кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызмет­ші­лерге халықпен жақын болып, тұрғындардың сауалына әлеуметтік желіде жедел жауап беруді тапсырды.

«Әкімдер халықтың сұраныстарына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңызды: мессенджерлерде топтар құрып, жүргізіліп жатқан саясатты түсіндіріп, жағдайды жетілдіру керек», — деді Қ.Тоқаев.

Президенттің тапсырмасынан кейін Қазақстанның әр өңірдегі түрлі деңгейдегі әкімдер мен басқар­ма басшылары әлеуметтік желілерге тіркеле бастады.

Айта кетелік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев — ұзақ жылдан бері туиттер әлеуметтік желісінің тұрақты қолданушысы. Сондай-ақ ол жақында инстаграм әлеуметтік желісінен парақша ашты.