есірткі наша

Қазіргі таңда нашақорлық – тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып жүрген қауіпті дерттердің бірі. Өңіріміздегі есірткі мен нашақорлықтың қазіргі жағдайы, есірткіге қарсы күрес туралы Маңғыстау облысы полиция департаменті есірткіге қарсы күрес басқармасының басшысы Әмір Досқалиевтан сұрап көрдік.

– Әмір Жұмабекұлы, Маңғыстау облысындағы 2018 жылдың және 2019 жылдың 2 айындағы нашақорлықтың ахуалы туралы айтыңызшы?

Нашақорлық – қасірет кілті

 – 2018 жылдың 12 айында 371 есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Оның ішінде 73 қылмыс, атап айтқанда 61 есірткі өндіру дерегі тіркелді.

Заңсыз айналымнан 102,6 кг есірткі тәр­кіленді, оның ішінде 590,7 гр героин, 1 кг гашиш, 99,7 кг марихуана және 1,3 кг экс­тракциялық апиын.

Ал осы жылдың екі айында 105 есірткі құқық бұзушылық анықталды. Оның 14-­і – қылмыс, атап өтсек 8 есірткі өндіру дерегі және ҰҚТ­-ға (ұйымдасқан қылмыстық топ) қатысты 2 дерек тіркелді. Заңсыз айналым­нан 3,5 кг есірткі тәркіленді, оның ішінде 20 гр. героин, 10 гр. гашиш және 3,47 кг мари­хуана.

– Ал облыстық наркологиялық диспансерде есепте тұрғандар саны қандай?

– Облыстық наркологиялық диспансер­де 2019 жылдың 1 наурызында есепте тұр­ғандар саны – 1209 адам, оның ішінде: профилактикалық есепте – 521 адам, атап айтқанда 8 әйел және 7 кәмелетке толма­ғандар, сондай-­ақ диспансерлік есепте – 688 адам, оның ішінде 44 әйел, ал жасы кәмелетке толмағандар жоқ. Айта кетейін, соңғы бес жылдың ішінде облыста наша­қорлық бойынша ОНД есебінде тұратын тұлғалардың кему қарқыны байқалуда. Бұл бірінші кезекте оқушылар мен олардың ата­-аналарының белсенді алдын алу шаралары­ мен байланысты.

– Есірткі жалпы Маңғыстау өңіріне қайдан келеді?

 –  Облыстарға есірткі құралын жеткі­зу желісі өз кезегінде шекаралас азияттық мемлекеттерден және еліміздің оңтүстік аймақтарынан келіп түседі (Тараз, Шым­кент, Шу қалаларынан).

– Есірткіні сатып жүрген адамдардың категориялары қандай?

– Есірткі құралдарының заңсыз айналымын негізінен жұмыссыздар және көптен есірткіге тәуелді адамдар, бұрын сотталғандар қата­рынан құралған тұлғалар жасайды.

– Есірткі бизнесінде оның қай түрлері көп кездеседі?

 – Облыс аумағында негізінен біздермен есірткі құралдарының табиғи текті түрлері (героин, гашиш, апиын, марихуана) алынады. Синтетикалық есірткілерді тарату дерегі және оларға ұқсас жағдайлар анықталған жоқ.

– Оның жазалары қандай?

– Жазалаудың түрі жасалған құқық бұзу­шылықтың дәрежесінің ауырлығына байла­нысты болады. Көп және аз мөлшердегі есірт­кіні қолданып, сақтағаны үшін айыппұл 300 АЕК көлемінде немесе 120­-дан 240 сағат мер­зімімен қоғамдық жұмыс, болмаса 45­тен 70 тәулікке дейін, әкімшілік қамауға алынады. Аса ірі мөлшердегі есірткіні сақтағаны үшін 3-­тен 7 жылға дейін бас бостандығынан айы­ру түріндегі жаза қолданылады.

Бірнеше дүркін немесе үлкен мөлшерде есірткі сатумен айналысқан тұлғаларға 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Кәмелетке толмағандарға білім ұйымда­рында есірткі сатумен жасалған қылмыс үшін 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығы­нан айыру жазасы қолданылады немесе өмір бойы бас бостандығынан айырылады.

– Есірткімен күресуде қандай профилактикалық шаралар өткізіліп жатыр?

– 2018 жылда 101 профилактикалық (ал­дын алу) шаралары өткізілді. Оның ішінде: 20 семинар, 34 дәріс, 34 кездесу, 1 акция, 4 дөңгелек үстел, 2 конкурс, онлайн режимінде 2 интерактивті сабақ және 4 ата­-аналар жина­лысы.

Жергілікті тұрғындар мен мектеп оқу­шыларын қамту 8 мың адамды құрады. Атап айтқанда 2018 жылдың маусым айында Ақтау қаласындағы «Арман» ЖО­-да «Халық­аралық нашақорлықпен күрес» күніне акция өтті. Онда ЕБҚБ мен облыстың ПД ЖПҚ басшылығы, әкімдіктің профильді басқар­малары, үкіметтік емес ұйымдар және т.б. қатысты.

Сонымен қатар осы жылы ақпан айын­да ЕБҚК мен облыстық әкімдіктің жұмыл­дырылған мекемелерімен бірлесіп, 13 шара өткенін айта кетейін. Олардың бесеуі дәріс, екеуі семинар, бес кездесу және бейнеролик көрсетумен 1 ата­-аналар жиналысы өткізілген болатын.

Облыстың полиция департаменті әкімдік­пен, сондай-­ақ білім беру және денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп, 2019 жыл­ға арналған профилактикалық іс­-шаралар жоспарын бекітіп қойды.

– Жастар есірткіден аулақ болу үшін қандай кеңес айтасыз?

– Ең, біріншіден есірткі деген – жеңіл ақша ғой. Мысалы, 1 доза екі мыңнан бастап бес мың теңгеге дейін тұрады. Есірткіні сатқа­ны үшін бірнеше жылға сотталады. Жастарға айтарым, салауатты өмір салтын ұстанып, зиянды әрекеттерден аулақ болып, спортпен көбірек шұғылдансын.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ