Жуырда Орталық коммуникациялар қызметі Маңғыстау облыстық филиалы алаңында өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлмира Қалмұратованың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Басқосуда облыс бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру деңгейі, бағыттары және «Өрлеу» жобасы жайлы сөз болды.

«Елбасының бес институтционалды реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамы — «Ұлт жоспарының» 84-қадамы әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып, оңтайландыруға бағытталады. Осы мақсатта Үкімет тарапынан «Өрлеу» әлеуметтік бейімдеу бағдарламасы бекітілген болатын. Ендігі ретте әлеуметтік көмек тек оған шынымен зәру азаматтарға ғана берілмек. Тұрмысы төмен еңбек жасындағы азаматтар, көпбалалы әрі аз қамтылған отбасылар әлеуметтік бейімделуден өтуі шартымен отбасыға шартты ақшалай көмек беру бағдарламасы арқылы әлеуметтік жағдайларын оңалту мүмкіндігіне ие болады. Бағдарлама бойынша жәрдем алушылар әлеуметтік жауапкершілікті сезінеді, еңбексіз табыс болмайтындығын түсінеді»,-деп атап өтті басқарма басшысы.

«Өрлеу» жаңа жобасы халықты жұмыспен қамтып, азаматтардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға, әлеуметтік бейімделуіне, еңбекпен айналысу мүмкіндігін іске асыруға жол ашады. Өз кезегінде тұрмысы төмен азаматтар тұрақты дербес табыс көзі арқылы өзінің өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсартады. Шартты ақшалай көмек алушы отбасының еңбекке қабілетті мүшелері құрылыс жұмыстарына, әр түрлі мамандықтарға қайта даярлау курсында оқуға, басқа да ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сөйтіп, жұмысқа тартылған азаматтарға жалақысынан басқа жоғары мөлшерде ақшалай көмек және әлеуметтік қолдау көрсетіледі. «Өрлеу» жобасына ШАК алуға өтініш берген азамат (отбасы), егер отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табысы күнкөріс деңгейінен 60%-нан төмен болса және әлеуметтік келісімнің шарттарын орындауға келісім берген жағдайда қатыса алады.
Сонымен қатар басқосуда Г.Қалмұратова Ұлы Отан соғысы, Ауған соғысы ардагерлері, тыл еңбеккерлеріне төленетін бір жолғы әлеуметтік көмек көрсету жайына тоқталды.

«Облыста 52 Ұлы Отан соғысы ардагері тұрады. Биыл оларға төленетін бір реттік әлеуметтік көмек құны 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерін, яғни 212 мың 100 теңгені құрады. Аталмыш қаржы жергілікті бюджеттен бөлінеді»,-деді ол.