tesla роботты басып кетті
Сурет Dailymail сайтынан

Өзін-өзі басқаратын Тесла көлік апатына ұшырады, бұл жолы оның құрбаны күніне 2 000 долларға жалға берілетін гуманоид робот болды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Dailymail басылымына сілтеме жасап.

Оқиға жексенбі күні түнде Лас-Вегастың Paradise көшесінде болған. Өзін-өзі басқаратын Тесла көлігі Промобот фирмасының CES — жыл сайынғы қолданбалы электроника көрмесіне қою үшін алып келген V4 модельдерінің біреуін басып «өлтірген».

Промоботтың мәліметінше, көрмеге әкелінген роботтардың бірі кешкі сағат 7-лер шамасында жолға шығып кеткен.

«Роботқа зақым келді. Оның денесінің бір бөлігі, басы, қолының механизмі және қозғалыс платформасы бұзылған, енді оны көрмеге қою мүмкін емес», — дейді Промобот.

Фирма роботты қалпына келтіру мүмкін еместігін айтады.

«Әрине, қапалымыз. Біз осы роботты Филадельфиядан CES көрмесіне қатысу үшін алып келдік. Енді ол іс-шараға да қатыса алмайды, қалпына да келмейді. Роботтың неге жолға шыққанын ішкі тексерістен кейін білеміз», — дейді компанияның даму жөніндегі директоры Олег Кивокурцев.

Дегенмен, көптеген адамды бұл жаңалық PR әрекет пе, әлде шынымен кездейсоқ оқиға ма деген ойға қалдырды.

Роботқа соққан Тесла сол кезде автономды түрде жұмыс істеген, бірақ ішінде жолаушы болыпты. Көлік апаттан кейін де тоқтау үшін 50 метрдей жүрген.

Оқиға орнына Невада штатының да  полициясы келіп жеткен.

«Жолда ешкім болған жоқ: адам да, көлік те», — деді Тесланың жолаушысы Джордж Калдера.

«Мен көлікті өздігінен жүру режиміне ауыстырып, енді қозғала бергенде алдымыздан робот шыға келмесі бар ма? Өте өкінішті, робот сондай сүйкімді көрінеді және инженерлерден шын жүректен кешірім сұраймын», — деді ол.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ