Сан жылдар бойы ата-бабаларымыз береке көзіне айналдырған балық кәсіпшілігіне баса мән берілмегендіктен бұл сала кенжелеп қалған-ды. Әйткенмен, байырғы кәсіптен қол үзбей, балық өсіруге бет бұрған шаруалар нәсібі мен нәпақасын көк айдыннан айырып отыр. Бейсенбі күні облыс әкімі Алик Айдарбаев кезінде балық шаруашылығының ірі орталықтарының бірі болған Ақкетіктегі Қарағантүбек жерінде теңіз қойнауынан су маржанын сүзген балықшылармен кездесті. Жиында тамырына қайта қан жүгіртіп, қолдау мен демеуді қажет ететін саланың еңсесін көтеріп, жандандырудың амалы қарастырылды.

0342

Басқосуда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сағынбаев өлкедегі балық шаруашылығының даму бағытын баяндады.

– Биыл аймағымызда балық аулаумен 17 шаруашылық, 127 бригада, 555 балықшы айналысуда. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен ағымдағы жылы балық аулауға 4090,3 тонна квота бөлінді. Қазіргі уақытта 1768,9 тонна балық аулауға рұқсат беріліп, оның 179 тоннасы қармаққа ілінді. Жергілікті балықшылар негізінен тікенді балық, сазан, көксерке, торта балық, ақтабан,шад (пузанка) майшабақ аулайды. Бүгінгі таңда өңірімізде 5 қордағы балық шаруашылығы аймағы бар. Статистика бойынша облыста балық және балық өнімдерін тұтыну жан басына шаққанда бір айда 900 граммды, жылда 11 келіні құрайды. Демек, түбек тұрғындары жылына 6 мың 930 тонна балық және балық өнімдерін тұтынады. Өңірде балық шаруашылығы аймақтарының паспортын жасақтау қажет. Сондай-ақ осы салада ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін 40 млн.теңге қаражат қажет, – деді аталмыш басқарма басшысы.

Жиында сөз алған «Қазақ балық шаруашылығы» республикалық қауымдастығының өңірлік филиалының директоры Ілияс Ыбырайов балықшылардың 1-2 айға созылатын теңізге шығу құжатын рәсімдеу үрдісін қысқарту, жеделдету жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ салада кадр тапшылығы мәселесі оңтайлы шешу үшін өңірлік «Жаңа серпін» бағдарламасы бойынша балықшылардың кәсіби біліктілігін арттыруды ұсыныс етті.

0510

–Балық аулаумен 1991 жылдан бері айналысып келемін. Басында бұл іске қызығушылығым болып, бос уақытымды бөлетінмін. Кейін осы кәсіпті қолға алуды жөн деп таптым. Балық шаруашылығына мемлекет тарапынан қолдау аса қажет. Қазіргі таңда Түпқараған ауданы әкімдігімен серіктестік орнатуға мүдделіміз. Ел Үкіметінің қаулысымен балық кәсіпшілігімен айналысатын аумақтарды ауыл шаруашылығы саласындағы сияқты 49 жылға беруіне болады. Қазір аумақтар 10 жылға дейінгі мерзімде үлестіріледі. Бұл балық шаруашылығының болашағына, дамуына кепілдік бермейді. Саланы дамыту үшін аймақта мұздатқыш, тұратын орын мен өндірістік ғимарат болуы керек. Ауылшаруашылығы саласындағыдай балықшылық кәсібінде де жәрдемақы мен жеңілдіктер қарастырылуы тиіс. «Қызыл кітапқа» енген кутум балығы бізде және Каспий жағалауы елдерінде еркін ауланады. Осы мәселені шешуді және облысымызда ғылыми- зерттеу институтын құруды ұсынамын, – деді «Микор» ЖШС директоры Валерий Михайлов.

005

Облыс орталығында және Жаңаөзен қаласында балық және балық өнімдерін өңдеп нарыққа шығаратын «Морепродукты Актау» ЖШС директоры Злиха Қибасова кәсіпкерлік көкжиегін кеңейткісі келетінін айтты. Балықты көтерме бағамен сатып алатын кәсіпкер халықтың сұранысын қанағаттындыру және бағаны тұрақтандыру мақсатында балық аулаумен айналысуға жер сұрады.

– Облысымызда басқа елдердегі сияқты спорттық жүйеде балық аулайтындар бар. Мұндай балық аулау түрімен Жаңаөзенде, Ақтауда 300-ден аса адам айналысады. Олардың аулаған балықтары нарықта саттыққа шығарылады.Сондықтан олардың да мәселесін тыңдау керек. Ақкетік, Таушық, Форт, Қызылөзен кіші балық аулауға қолайлы жерлер. Облысымызда көптеген балық түрлері азайып кеткен, сондықтан теңіз астындағы тіршілікті дамыту керек. Балық және балық өнімдерін сататын сауда орындарының санын арттыру керек, – деді балықшылардың бірі.

Несие алудағы қиындықтар мен кедергілерді алға тартқан «Ақтау балық компани» ЖШС өкілі Асқар Сайынов көпшілікті теңіздегі байлықты сақтау шараларына қамдануға шақырды. Оның айтуынша, «Каспий» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясымен Қызылөзенде жағалауға жақын балық қабылдайтын пункт салу мақсатында келіссөздер жүргізілуде.

0585

–Кәсібіміздегі ең өзекті мәселе – балықты қабылдайтын арнайы орынның жоқтығы. Қазір балықшылар мүмкіндігі болса да қажетті мөлшерде балық аулай алмай отыр. Мәселен, менің қарамағымдағы 10 бригаданың әрқайсысының үйінде 100-150 келі балық сыятын тоңазытқыш бар. Сыйғанша ғана аулаймыз. Тапсыратын жер таба алмай уақыт өткізіп аламыз. Бір күн ауласақ, екі күн сатумен айналысамыз. Сөйтіп жүргенде балық шіріп кетеді. Былтыр 90 тонна сазан ауладық. Одан да көп аулауға мүмкіндігіміз толық жетеді,– деді «Алпамыс» шаруа қожалағының иесі Меделбай Адыров.

«Каспий био экология» ЖШС директоры Ербол Есқалиев балық шаруашылығын дамыту мақсатында және теңіз жағасында институт құруға жер сұрады. Бір топ балықшылар мемлекеттен рұқсат алып, шығын шықпайтын жолмен балық аулап, нарыққа арзан бағамен ұсынатын тұрғындарға шағым айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Алик Серікұлы балықшылармен жұмыс жасаудың арнайы сызбасы немесе бағдарлама болу керектігін қаперге салды.

0296

–Мәселен, сіздердің шығындарыңызды жабу үшін сіздерден қымбат бағаға алып, халыққа арзанға сату үшін субсидия бөлуге болады. Ол үшін сіздер үзіліссіз, кедергісіз балықпен қамтуға кепілдік беруіңіз керек. Сіздерден балық шаруашылығының бүгіні мен ертеңіне қатысты ұсыныс-пікірлеріңізді күтемін. Тұрғындарға шектеу қойып, сіздерден басқа ешкім балық ауламайды деп айта алмаймын. Мемлекет тарапынан аумақтарды алған балықшылардың міндеттемелері де болуы керек. Балық шаруашылығы саласын дамыту мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылады. Бүгінгі мәселелерді алдағы уақытта да талқылаймыз, – деді аймақ басшысы Алик Айдарбаев.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ