Облыс әкімі Алик Айдарбаев жұмыс сапарымен Мұнайлы ауданына келді. Өлке басшысы іс-сапары барысында ауданның бірқатар әлеуметтік нысандарын аралап, жұмыс жағдайымен танысып өтті. Белгілі болғандай, аудан ауылдары өрісті өзгерістерге жол ашқан. Себебі, уақыт талабы – кеңейту шараларына сұранып тұр.

IMG_0014

Мәселен,  пойыз жетті дегенше, теміржол вокзалының алдынан ине шаншар  жер таппайсыз. Ұзын-сонар көлік кептелісі жол қозғалысының қиындығын тудырады. Енді осындай тығырықтарды жою үшін темір жол бекетінің маңайы ұлғайтылып, қайта құрылымдау жұмыстары басталып кетті. Дәлірегі, 3200 шаршы метр жерге автотұрақ салынбақ. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Жолбаев: «Бұрынғыдай 2-3 пойыз емес, 5-6 пойыз келетіндіктен жолаушыларды күтіп алушылар және шығарып салушылар көбейген. Сондықтан, вокзал алаңы көліктер үшін тарлық етіп тұр. Өткен жылы вокзалдың алдын кеңейту жөнінде жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, қаражат бөлініп, енді 71 млн.теңгеге құрылыс жұмыстары басталып кетті. Аяқталу мерзімі  үш ай. Есебіміз бойынша, 3200 шаршы метр 150-170-ке жуық көлікке қосымша орын дайындаймыз деп отырмыз. Құрылысқа 30 шақты адам тартылды», -деді.

Аймақ басшысы Маңғыстау ауылынан ашылған «Дана» супермаркетіне ат басын бұрды. Мұнда ол азық-түлік бағасы мен сапасына көз жүгіртіп, тұтынушыларға қаншалықты жағдай жасалғанын көрді. Тауарлардың қайдан тасымалданатынын сұрады.

IMG_9866

Алик Айдарбаев Батыр ауылы тұрғындарымен де тілдесті. Олардың инженерлік-инфрақұрылымдарынан хабардар болды. Мұндағы су сорғы стансасының резервуар көлемі 4800 текше метрді құрайды. Бұрын тәулігіне 3,5-4 мың текше метр су алынса, халық санының қарқынды өсуіне байланысты қазір 7-8 мың текше метрге жеткен. «Бірақ, бұл да аз», — дейді Нұрлыбек Жолбаев. Аудан халқының қазіргі жағдайына 8-8,5 мың текше метр су жеткілікті. Себебі, орталықтандырылған су құбыры жүйесіне жүгінетін елді-мекендер көп емес. Бірақ, келешекте ауылдардың бәрі осы жүйеге көшетін болса, тәулігіне 17 мың текше метр су қажет болады. Бұл ретте аудан әкімінің орынбасары тілге тиек еткен «Каспий» су тұщыту зауытының қуаттылығы басым болмақ. 30 мың текше метрге дейін көтереді деп отыр.

Автокөлік жолдары —  Мұнайлы ауданындағы өзекті мәселелердің бірі екендігін сөз еткен Алик Айдарбаев облыстық мәслихаттың шешімімен Қызылтөбе-2 ауылының орталық көшелерін асфальттауға қажетті қаражаттың бөлінгенін атап өтті.

Айта кетсек, 9 жылдық тарихы бар жас ауданның 70 пайызы жаңадан пайда болған ауылдар. Мысалы, аудан құрылған жылдары «Баяндыда» тек 100 үй  қоныстанған болса, бүгінде олардың саны 1200-ге жеткен. Яғни, түтін түтетер үй көбейген сайын, олардың мұқтаждықтары да арта түспек.

Әсел ТАҢАТАРОВА