Адамзаттың ең қымбат дүниесі, бірінші байлығы – денсаулық екендігі әмбеге аян.  «Денсаулық ауадан аумайды, барында кім оны аңдайды», — дейтін халық мақалы дене белсенділігін қарқындату, зиянды әдеттерден бойды алшақ ұстау — әр адамның жолға қойған берік ұстанымы болуы тиістігін нұсқағандай.  

Өздерінің кәсіби мерекелеріне орай, Атамекен ауылындағы №12 орта мектепте спорттың  волейбол, үстел теннисі және Маңғыстау селосындағы «Мұнайлы» супермаркетінің бильярд залында осы ойын түрінен сайысқа түскен мемлекеттік сала қызметкерлері белсенділіктеріне қарай бағаланып, марапатталды.

Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Н.Тәжібаев  барша қатысушы командаларға сәттілік тілеп, денсаулық кепілі — спорттың  адам өміріндегі маңыздылығына, бүгінгі таңда жастардың спортқа деген ынта-ықыласының, қызығушылығының күшейіп келе жатқандығына тоқталып өтті.

IMG_9737

Волейбол ойнауда допты төменнен, жоғарыдан қабылдаудың үздік тәсілдерін көрсеткен  аудан әкімінің аппараты командасы  1 орынмен сүйіншіленді. Қарсыластарына есе жіберген Атамекен ауылына 2 орын,  білім бөлімі командасына 3 орын берілді. Үздік ойыншы аталымы  Раушан Әлібековаға, үздік шабуылшы Жасұлан Досмағанбетовке, үздік қорғаушы   Кенжебек Тайғараевқа табысталды.

Ерлер арасында өткен үстел теннисінен 1 орын – Фазылбек Абылайдың, 2 орын – Медебаев Есеттің, 3 орын – Дилманов Сүндеттің аттарына жазылды.  Әйелдерден 1 орынды  Г.Ақниязова, 2 орынды  М.Букебаева,  3 орынды А.Досан иемденді. Ал, шарлар ойынында тапқырлық пен алғырлық танытқан Маңғыстау ауылы әкімдігінің азаматтары алдарына жан салмады.  Маңғыстау ауылының әкімі Қалқатай Өтемұратов 1 орынды, орынбасары Бекболат Қасымов 3 орынды еншілесе, бас маманы Қонысбек Беков үздік ойыншы деген атаққа ие болды. ХҚКО-ның қызметкері Абзал Дастанов  2 орынды қанжығалады.

Жүлдегерлер Мұнайлы ауданы әкімдігінің арнайы сыйлықтарымен, диплом, медаль, кубоктарымен  марапатталды.

Әсел ТАҢАТАРОВА