Облысымызда жер мәселесіне байланысты құрылған кеңестің  кеңейтілген отырысы Қарақия ауданында болып өтті. Отырысқа аудан тұрғындары,   мәслихат   депутаттары,  облыстық   басқармалар  басшылары мен әкімдік   өкілдері   қатысып,  жер  дауына   қатысты өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты.

Басқосудың басты мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жер туралы  заңның  бірқатар  пунктерін  жүзеге асыруды кейінге қалдыру туралы  тапсырмасының   аясында  тұрғындар  арасында  түсінік жұмыстарын  жүргізу, ұсыныс-пікірлерді  жинақтау.

— Елбасымыздың Жарлығымен  жер   туралы   заңға енгізілген өзгертулер  мен  толықтыруларды жүзеге асыруға мораторий  жарияланып,  ел  үкіметі  жанынан мәселені шешу үшін арнайы комиссия құрылған болатын. Оның құрамында  75  бүкіл  елімізге  танымал қайраткерлер мен саясаткерлер, ғалымдар мен ауыл шаруашылық мамандары бар. Комиссияның 4 отырысы өтті. Қаралатын екі мәселе – ауыл шаруашылық жерлерін Қазақстан азаматтарына  жалға  және    жекеменшікке  беру,  шетелдіктерге  жалға   жер   берудің   жәйі. Жер  мәселесінде   ешкім шет қалмай, әркім өз ойын айтып, ұсыныстарын комиссияға беру керек. Жинақталған   ақпараттарды   комиссия үкіметке, үкімет оны   парламентке  жіберуі  тиіс. Жазда өңірімізге ҚР премьер-министрі  келіп,  тұрғындармен  жүздесетін  болады,-деді республикалық  жер  комиссиясының  мүшесі  Д.Сейбағытов.

Осыдан  соң кеңеске қатысушыларды облыстық жер қатынастары басқармасының   қызметкері  Мекен  Үйсенов аймағымыздың  жер  қоры  және  жер  кодексіне  енгізілген толықтырулар бойынша мәліметтермен   таныстырды.  Облыстың  жалпы  жер  көлемі 16 млн 564 мың    гектарды    құрайды.    Ауыл   шаруашылығы  жерлерінің  көлемі  5 млн   289    мың   гектар,  босалқы  жерлердің  аумағы  9 млн  552  мың  гектар  екен.  Жер   қатынастары  басқармасы  өкілінің   айтуынша,  киелі өлке   жерінің   58   пайызы  бос   жатыр.  Ал,  Қарақия ауданының жер көлемі   6483,7  мың   гектар.   Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі  3003,7  мың   гектарды,  елдімекен  жерлері 332,5 мың гектарға жетеді.  Босалқы   жерлердің   үлесі   2851, 1 мың   гектар яғни  аудан   жерінің    44  пайызы  бос  жатыр.

— 2009 жыл мен 2016 жылды салыстырғанда облыста ауыл шаруашылығы  жерлерінің   көлемі   3   млн  222  мың  гектарға  азайса, бос  жерлердің  аумағы  3  млн  123  мың  гектарға  ұлғайды. 2015    жылы   Қарақия   ауданы  бойынша  конкурстық  тәсілмен көлемі 11300,0  гектар 20 жер  учаскесі аукционға шығарылған болатын. Соның  көлемі  900  гектар болатын 2 жер телімі ғана табысталды.    Ауыл  шаруашылық    мақсатына   берілген  жердің 5 млн  211  мың   гектары  яғни    98  пайызы  уақытша  жер  пайдалануға,  77  мың гектары  жекеменшікке  берілген. Шетелдіктерге   жалға   берілген   жер   жоқ.  Облысымызда   жайылым   жер телімдерінің   құны   1600-1800  теңге   болса,    егіндік    жерлердің  1  гектары    32-34  мың   теңге, ал, елдімекендерде  жердің шаршы метрі 100-1830 теңге аралығында,-дейді М.Мұхаметұлы.

Отырыстың ресми бөлімі тәмамдағасын, аудан тұрғындары атынан ақсақалдар сөз  алды. Құрық,  Бостан, Сенек   және  Құланды     ауылдарының      өкілдері   жерге   қатысты   өз   пікірлерін   барынша    ашық әрі  әділ  айтуға    тырысты.  Жер  сату   деген   Отанды, елді сатумен бірдей деді олар.

— Еліміздің тәуелсіздік алғанына 25 жыл болды. Ширек ғасыр ішінде өсіп-өніп, дамып, әлемге танылып келе жатқан елімізде жер сатудан басқа  мүмкіндік  қалмаған ба? Тіпті, соғыс кезінде де ата-бабаларымыз  жерін,  елін    сатпаған. Оны қасиетті мұра етіп, ұрпағына    қалдырған. Мен  жерді   сатуға,  шетелдіктерге жалға беруге   де   қарсымын. Туған   анамыздай   жерімізді талан-таражға салу дұрыс емес,-деді ІІ топ мүгедегі Мәжит Алпысбаев.

— Қазіргі күннің басты мәселесіне айналған – жерді сату және шетелдіктерге жалға  беруге  мен  де   қарсымын.  Жерін  жалға   беріп, кейін оны қайтара алмаған көптеген мемлекеттер тарих аренасынан  шығып    кетті.  О бастан халықпен ақылдасып, ашық түрде келісіп  отырса,  бұндай   бүлік   шықпас еді. Халықпен санасатын  кез  келді.  Еліміз  бен  жеріміз  тұтас  болсын.  Өз  жерімізге өзіміз ие болайық,-деді ҚР білім беру ісінің үздігі Мұрат Нұғманов.

Саналы  ғұмырын   еңбек  майданына сарп еткен Сағындық Өтепбергенов   те   жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсы. «Біздің жерімізге  өзімізден  басқаның жаны ашымайды, оның келешегін ойламайды» дейді ол.  Үстірт  мемлекеттік  қорының қызметкері,  Құланды ауылының  тұрғыны  Әділет  Меңдібай  да өз жерлестерінің пікірін қолдайды.

— Мен жерімізді сатуға, шетелдіктерге жалға беруге қарсымын. Шетелдіктер алған  жерлер  туралы ақпараттарға қарасам, ол жерлердің  бүгіні  күйі  нашар,  көретін жері жоқ. Жер сортаңға айналып тозып барады. Әрине, жерді игеру керек. Бірақ, ол үшін шетелдіктерді  шақырудың  қажеті  жоқ,-деді ол.

Аудан  тұрғындары  жас  ұрпақтың  жәйін  ойласақ,  жеріміз бен тілімізді сақтайық десті. Ана тілін аяламасақ, қасиетті жерді сақтамасақ, ертеңгі ел тұтқасын ұстар ұрпақ бізді кешіре ме?

— Менің жасым  85-те. Осы кезге дейін талай қиындық пен жоқшылықты  көрдім. Қазір   еліміз  тыныш, бейбіт заман. Жастар оқыған,   сауатты.  ҚР  Парламентіндегі  мамандардың  да сондай білімді екеніне сенемін. Бірақ, жер туралы заңды халыққа дұрыс түсіндірмей,  асығыс  қабылдағанына   таң  қаламын.  Бұл  дұрыс  емес,-дейді Жетібай ауылының тұрғыны Орын Құлсариев.

— Жүректі  тазалау керек. Жер сатылмасын, жалға бөтенге берілмесін! Өз  жерімізге, тілімізге ие бола алмайтындай не болды? Қарапайым халықты адастырмау керек. Халықтың үкілі үмітін аяққа таптауға болмайды.  Жерді сату-Отанды сату емес пе? Комиссия мүшелері біздің   жан  айқайымызды  тиісті орындарға өзгеріссіз жеткізу тиіс,-деді зейнеткер Айғаным Төлесбаева.

Қызу   пікірталасқа  толы отырыс барысында сөз алғандардың бірі Төлеген  Жалмұратов. Ол 10 жыл бұрын Қызылқұмда жер телімін жалға алған. Қазір  сол жерді игеру үшін жұмыстанып жүр.

— 10 жылдан  бері сол жерді игере алмай жүрмін. Өнім алып, жемісін жеу  үшін  жерге  ақша салу керек, техника қажет. Болашақта осы жерді  жекеменшікке  алғым  келеді.  2007 жылы әкімдікке осы мақсатта  арыз жазғанмын. Әлі жауап жоқ. Мен ұрпағыма мұра қалдыру үшін жерді көркейтіп, баптар едім,-дейді Төлеген Базарғалиұлы.

Тұрғындар комиссия мүшелерінен олардың ұсыныс-пікірлерін республикалық  комиссияға  дәл  сол  күйінде  жеткізуді  сұрады.

— Жергілікті жұртшылықтың пікірлері мен ұсыныстары еш өзгеріссіз жеткізіледі. Хаттама  толтырылып, ақпарат  жинақталады.  Бүгін   көп ой-пікірлер білдірілді. Ақпараттың тиісті орынға сол күйінде жеткізілуін өзім қадағалаймын. Жер –өзекті мәселе, сондықтан еш күмән болмасын,-деп сендірді облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмұрат Жүсіпов.

— Даулы мәселеге айналып кеткен жерге қатысты кездесулер ауданымыздың барлық елдімекендерінде өтіп жатыр. Арнайы құрылған  аудандық комиссия тиісті шараларды атқаруда. Бүгінгі басқосудың хаттамасы толтырылып, ұсыныстар мен ой-пікірлер жинақталып,  республикалық  кеңеске жіберілетін болады.-деді Қарақия  ауданының  әкімі  Әділбек Дауылбаев.

Дауға айналып, елді дүрліктірген жер мәселесіне қатысты қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырыс барысында жер кодексіне енгізілген өзгерістерді   халық   арасында  түсіндіруге арналған колл центрлер құрылған. Біздің   облысымызда 605109 нөміріне хабарласып, кез келген тұрғын  өзінің  сауалдарына  жауап  алады.

Жерге қатысты өзекті мәселенің бірі – жеке тұрғын үйге жер телімін берудің   жәйі   болып  отыр. Қазір о блыста 158077 адам жердің кезегінде тұр,  соның   ішінде   Қарақия  ауданының 16670 тұрғыны тіркелген.

Анар ШАМШАДИНОВА

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

кеңес 2

кеңес 3

кеңес 4