Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» деп, әлемдік жаһандану үрдісінде ұлттық кодымызды сақтай отырып қана дамитынымызды алға тартқан болатын.
Бүгінде, Елбасымыздың бағдарламада айтқан бастамасын тікелей өн бойынан өткеріп, ұлттық құндылықтарымызды, соның ішінде қазақ музыкасын насихаттап жүрген әнші-сазгер Әнес Уәлиұлы Қарабасовтың есімі Маңғыстау өңіріндегі өнерсүйер жұртшылыққа танымал.
Әнес Уәлиұлы 1973 жылдың 14 қаңтарында өмірге келіп, білім алған Үштаған ауылындағы мектеп қабырғасынан-ақ өнер-білімге деген құлшынысын танытып, шыңдала түседі. Жас азаматтың музыкаға деген сүйіспеншілігі де алғаш меңгерген прима аспабынан басталса керек. Кейін «Тамаша» вокалды ансамблінің құрамында жүріп, аймақтың көптеген елді мекендерін аралап, өнерін шыңдайды.
Өмірдің өз заңы бар демекші, бүгінде Әнес Қарабасов «Өзенмұнайгаз» АҚ «Мұнай дайындау және өндіріске қызмет көрсету» басқармасында оператор болып қызмет етеді. Жан дүниесімен өнерге деген құлшынысының нәтижесі болса керек, мұнайшы мамандығымен қатар сазгерлігін де қатар алып, жүректерге жол тапқан әдемі әндердің авторына айналған. Жары Күләшпен бірге Әсемай деген аруды, Талғат, Қанат, Бекарыс есімді ұлдарын тәрбиелеп отыр.
Осы жылдар ішінде нота біліп, арнайы сазгерлікті оқымаса да, табиғи тума талантымен бірқатар ән мұрасын қалыптастыра білді.
Жалпы, өнер тебіреністен, жан дүниенің толқынысынан лықсып шығатын бір керемет күй екені жасырын емес. Сол себепті, 2008 жылғы көкірегінен ұшқан «Сағыныш» әні сазгердің бойындағы ерекше тебіренісінің нәтижесі болды.
«Кенжекейім бір төбе» демекші, сазгер шығармашылығының ішінде қалың көпшіліктің жүрегіне жол тауып, шынайы сүйіспеншілікке ие болған туындыларының бірі А.Қалбаевтың сөзіне жазылған «Мұнайшы қыз» әні. Ауыр еңбектің үстінде жүрсе де романтика мен жастық сезімнің лебінен арылмаған мұнайшылар қауымының лирикалық жәй-күйін сипаттаған әсем ән бүгінгі күннің хит туындыларының біріне айналған.
Қазақстанның «100 жаңа есім» атты жобасының аясында осындай елдің рухани- мәдени мұрасын дамытуға арналған азаматтардың есімдері аталып, көптің құрметіне лайық болмақ. Елбасы «Ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныту; оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиалық алаңын қалыптастыру; «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау. Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс» деп, нақты тапсырма бергендігін ескеретін болсақ, Әнес Уәлиұлы сияқты өнерге ғашық жандардың мұрасы халық арасында барынша насихатталуы керек.

Мәдина БЕГАРЫС