Халық арасында «Құдай әрбір қазақты жаратқанда жүрегіне күйдің бір бөлігін сіңірген» деген сөз бар. Өнерге деген құштарлық әсемдікке, ізгілікке, биікке жетелейді. Ал өнер жолын таңдаған жанға осы жолдың биік белесіне шығу үшін таза жүрек, сергек сана, үлкен өмірлік тәжірибе керек. Қазақ қашан да өнерді биік бағалаған, өнерлі жанды төбесіне көтерген. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарық көргелі бері халық мұрасына, оның ішінде, өнеріміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді қайта жаңғыртуға баса мән бере бастағанымыз белгілі. Осындай шақта рухани құндылықтарымызды одан әрі жетілдіре дамытып, ұлттық рухымызды көтеруге өзіндік үлестерін қосып жүрген талант иелері өңірімізде баршылық. Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған бүкіл өмірін өнерге арнаған сондай жандардың бірі — Сатыбалды Нұржауұлы Аманов.

Ауыл-аймақ, жақын-жуықтары Сәткен атап кеткен Сатыбалды ағамыз 1962 жылдың 24 қаңтарында Түркменстан Республикасы Балқан ауданы Құмтау ауылында дүниеге келеді. Әкелері кезінде Маңғыстау жерін мекендеп, кейін 1932 ашаршылық жылдары «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен шақта түркмен жеріне қарай көшкен. Кейін 1964 жылы жаңа мұнай кенорындары ашылған сәтте әкесінің жұмыс бабымен Отанға қайта оралады.

— Түрікменстанда туып, Қазақстанда өстіңіз. Туған жеріңіз, балалық шағыңыз туралы айтып берсеңіз?

— Есімді білгелі Қызылсай ауылының тұрғынымын. 1976 жылдан бастап ауыл клубының ансамблінде әуелі барабанда, кейін бас гитарада ойнап жүрдім. 1980 жылы әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышымды Орынбор қаласында өтедім. Бұл жерде де өнерді тастаған жоқпын. Ұрланып би кештеріне барып, гитара тартып, ән салып жүретінмін. Өмірлік жарымды осы жерде кездестірдім. 1982 жылы Орынбордан Ақбота Жеменейдің қызын ауылға алып келдім. Қазір 3 қызым, 1 ұлым бар, бәрі аяқтанды. Барлығы да өнерге жақын.

— Өнер жолына қалай келдіңіз? Ән айтуға, аспапта ойнауға деген қызығушылық қашан пайда болды?

— Өзім жастайымнан өнерге құштар болдым. Бұл негізсіз болмаса керек. Анам — қырғыз ұлтының қызы, жас кезінде шаңқобызда ойнаған екен. Маған өнер сол кісіден дарыған шығар деп ойлаймын. Есімде, 4-сыныпта оқып жүрген кезім, қораның түбінде ауылдың ересек балалары жиналып алып гитара тартып, өлең айтады. Мен өлердей қызығып қарап тұрам. Сәлден соң олар жалығып, гитараны қойып, басқа шаруаға ауысқанда, мен жүгіріп барып, әлгі аспапты қолыма ұстап, көргендерімді қайталап, даңғырлата берем. Олар мені қуады, мен қашам, кейін қайтып барам. Қамбар деген бала бар еді, бүкіл ауылда гитара тек соның үйінде. Қолымыз сәл қалт етсе 5-6 бала қысы-жазы соның үйіне жиналып алып, гитараны қызықтаймыз, даңғырлатып өзімізше ойнаған боламыз. Қызығушылығым қатты болса керек, сөйтіп жүріп арнайы музыка мектебіне барып, мұғалімнен тәлім алмай-ақ өзідігімнен гитарада ойнауды үйреніп кеттім.

— Өзіңізді сазгер ретінде қашан таныдыңыз? Алғашқы әніңіз қалай туды?

Менің бала кезден жан серігім — гитарам. Үнемі ыңылдап әндетіп жүрем. Алғашқы әнім 1980 жылы әскерде туды. Бұл ән Орынборда өткен қызықты күндеріме, ауылды сағынған сәттеріме арналады. Махаббатымды кезіктірген тағдырыма ризашылығымды суреттейді.

«Сөз бен саз» бағдарламасының жүргізушісі Бердіхан Әлмен айтқандай, «Екі мемлекетке хит болған «Түрікменстан — туған жер» әнінің тарихы туралы айта кетсеңіз.

-1990 жылдары Мырзабай Қуанов, Амантай Тәшенов үшеуміз «Заман-ай» деген топ құрып, той-мерекелерде ән салып жүрдік. Топта жүріп арасында әндер де жаздым. «Түрікменстан — туған жер» деген әнім де сол жылдары дүниеге келді. Бізбен қатарлас басқа топтар концерт қойып, басқа қалаларға шығып жүрді. Бізде ондай мүмкіндік жоқ, қысқа жіп күрмеуге келмейді. Талай ән шығып жатыр, айтылып жатыр, бұл ән де сол көп өлеңдердің бірі болар деп аса мән бермедім. Сөйтсем жоқ, сол уақытта Түркменстаннан көшіп келген адамдардың көптігінен болар, әнім нағыз хит болып шыға келді. Негізі менің түркмен жерінде туылғаным болмаса, 2 жасымда көшіп кеттік, есімде ештеңе қалған жоқ. Көзімді ашқалы көргенім Қызылсайдың даласы. Бұл ән әкемнің, анамның өмір сүрген жерлерін суреттегенінен, қиын-қыстау кезеңде демеу болған түркмен халқының мәрттігін айтып отыратын әңгімелерінен туған.

— Өнер жолын таңдағаныңызға өкінген, шығармашылық тоқырау сәттер болды ма?

— 1992 жылы анам қайтыс болды. Бала-шаға, отбасының қамы, оның үстіне әкем де музыканы аса қатты ұната бермейтін. Осындай бір себептермен сол жылдары уақытша өнерден қол үзіп қалдым. Бірақ бәрібір өнер жібермейді екен. Араға біраз уақыт үзіліс салып, қайтып оралдым. Бірақ, өкінген сәтім болған емес. Мен өзімді өнерден жырақ, басқа кәсіп иесі ретінде мүлде елестете алмаймын.

— Жалпы осы күнге дейін қанша ән жаздыңыз? Барлығын өзіңіз орындайсыз ба? Сәтті шыққан дүниелерді басқа әншілерге ұсынып немесе сатып, сазгерлікті кәсіп көзіне айналдыру ойыңызда жоқ па?

Қоржынымда күні бүгінге дейін шамамен 45-ке жуық әнім бар. Өзім орындаймын, әні мен сөзі үйлесіп тұрса басқа да әншілерге беремін. Жақсы орындаса, айта берсін, еш қарсылығым жоқ. Бірақ, берерде, әні де, сөзі де бұзылмай айтылуы керек деп талап қоямын. Менің әндерімді танытып жатса, өмірге келген дүние шаң басып жатпай, жарық көрсе, халыққа ұнаса, маған одан асқан бақыт жоқ. Ал, сату жөнінде ешқашан ойланып көрмеппін. Мен үшін сазгерлік — кәсіп көзі емес, ең алдымен өнер.

Алдағы күнге жоспарларыңыз қандай?

— Биыл өнер жолында жүргеніме 41 жыл толады екен. Осыған орай үлкен есептік концертімді өткізу ойда бар. Қазіргі уақытта соған жұмыстанып жатырмын. Алла бұйыртса, жақын уақытта қала тұрғындарын концерттің куәсі болуға шақырамын.

— Әңгімеңізге көп рахмет! Отбасыңызға амандық, өнеріңізге табыс тілейміз!

P.S. Шынын айту керек, қазір аузын жыбырлатып, теледидардан көрінгендердің бәрі танымал, шетінен «жұлдыз». Тіпті мүйізі қарағайдай әншілердің өздері алыстан ат шаптырып, арнайы шақыртумен, қомақты гонорарын төлеп алдырғанда, бір-екі өлеңін фонограммамен айтып кетіп жатады. Ал, Сатыбалды Аманов секілді шын таланттар көп жағдайда тасада қалып қойып жататындығы жасырын емес. Сонау 90 жылдарда нағыз хит болған «Түркменстан — туған жер» әнінің авторы осы Сәткен ағамыз екенін көпшілік жұрт біле бермейді. Осы орайда қазақ сазгерлерінің әндерін насихаттап, оның ішінде белгілі-белгісіз себептермен көрінбей кеткен, ел назарынан тыс қалған өнер адамдарын тауып, көрерменмен қауыштыруда «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының «Сөз бен саз» жобасының үлесі зор. Сатыбалды Аманов ағамыз да бағдарламаның өткен сандарында қонақ болып, шығармашылығымен бөліскен болатын.

Айжан Насырова