«Өмірде үш нәрсені таңдағанда қателеспеу керек» дейміз. Соның бірінің мамандық таңдау екенін білеміз. Мамандық таңдауда жаңылған адам еңбекке жарамды шағының барлығын сүлесоқ өткізетін секілді. Ұнатпай істеген істің өнімсіз һәм сапасыз болатынына күмән жоқ.
Жаңаөзеннің тумасы Амангелді Ермұхановтың мамандық таңдауда жолы болды. Оның қатарластарының көбі орта және негізгі орта мектептерді бітіріп жатқанда мұнай саласындағы мамандықтарды игеруге ден қойды. Амангелді де солармен бірге мұнай-газ операторы кәсібін игерді. Дүрмекке ерді деуге келмес, себебі ол осы мамандықты оқымай тұрып, жан-жақты зерттеп, қажеттілігін түсініп барып құжаттарын тапсырған болатын. Арманы «қара алтын» өндірісінде қызмет етіп, мұнайшының арнайы киімін кию болатын.
Өзі қалап меңгерген кәсібі бүгінгі таңда маманды жалықтырмайды. Керісінше, Амангелді жұмысқа зор құлшыныспен келеді. Осы жұмысты абыроймен атқарып келе жатқанына 15 жылға жуық уақыт болды. Зерттеу жұмыстары цехына келгеніне де 7 жылдан асты. Ол күнделікті өзіне тапсырылған жұмыстарды тиянақты атқарады. Басшыларының да оң бағасын алып жүр.
Амангелді — «Үздік маман — 2017» кәсіби байқауының 2-ші кезеңінің жеңімпазы. Өзінің сүйікті мамандығының қыр-сырын жете білетіндігін ол осылай дәлелдегендей. Алда сайыстың 3-ші бөлімі күтіп тұр. Алғыр мұнайшыға кәсіби сында шеберлігін көрсетіп, сыннан дара танылуды ғана тілейміз.

Б.Теңелбайқызы