Қашан көрсең қалбалақтап кетіп бара жатады. Зырылдап жүргені – жұмыстың реті. Қолы да бос болмайды. Резеңке қолғапты киіп, үлкендеу қобдишаны көтеріп жүреді.

Бұл – «Өзенэнергомұнай» басқармасы Өндірістік-энергетикалық қызмет №2 релелік қорғау және автоматтық қорғау цехының электр жөндеушісі Асхат Тасқараев. Қобдиша толы тоқтың құрал-жабдықтары. Жөндейтіні – істен шыққан өндіріске қажетті құрылғылар.

5-ші дәрежелі маман Асхатқа артылған жүк ауыр. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау – басты назарда. Оның қауіпі мол электр жөндеушісі болып еңбек етіп келе жатырғанына 7 жылдан асты. Арнаулы оқу орнын үздік тәмамдаған маман. Осы жұмысын атқара жүріп те ол үздіктер қатарынан көрініп жүр. Өткен жылдан бастап мұнайшылар арасындағы кәсіби байқауда бағын сынауда. «Үздік маман-2016» байқауынан басқарма аралық жарыста ІІІ орынды иеленсе, биылғы сыннан І дәрежелі жүлдені еншіледі. Электр жөндеушісі Асхатты алда байқаудың 3-ші бөлімі күтіп тұр. Жоспарлы сында өзі қызмет ететін «Өзенмұнайгаз» АҚ абыройын арттырып, өзінің мамандығы бойынша кәсіби білім-білігін мүлтіксз көрсетуге дайындалып жүр.
Мұнай-газ өндірісіндегі аса қажетті мамандықтың бірін меңгеріп, оны тиісті дәрежесінде атқарып жүрген Асхат Тасқараевтан күтер үміт зор.

Б.Бөбекбай