«Алуан-алуан кәсіп бар, таңдай біл де талап қыл» дейді дана халық. Жасұланның сан түрлі мамандықтың ішінен жаны қалағаны – мұнайшы кәсібі. Бүгін де жас та болса жігерлі Жасұлан өз кәсібінің нәсібін көре бастады. Жасұлан Қарақұлов – «ӨМГ» АҚ №3 Мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты қабат қысымын сақтау цехының операторы.

Жұмысқа араласқанына 7 жылға жуық уақыт болды. Осы аралықта өз ортасынан дара танылып, түрлі кәсіби байқауларға қатысып жүр. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-ның еншілес мекемелері арасында жыл сайын дәстүрлі «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауы өтеді. 3 бөлімнен тұратын сайыстың алғашқы туры басқармалардың өзінде ұйымдастырылады. Жасұлан 3 жыл қатарынан сол бөлімде алдына жан салмаған. Өзенмұнайгазға қатысты 16 басқармадан үздік танылғандар өзара бақ сынасатын екінші бөлімде Жасұлан 2015 жылы жеңімпаз атанды. Биыл да сыннан сүрінбей өтіп, 3-ші турға жолдама алып отыр.

— Кәсібімді арнайы оқу орнында меңгеру кезінде бар ынта-ықыласыммен оқыдым. Соның арқасында күнделікті жұмысымда еш қиындық жоқ. Жарыстарға барғанда да аса қиындық көрмеймін. Бұл білгеніммен тоқтап қалмасым анық. Сондықтан әлі де оқимын. Себебі Мағжан атамыз айтқандай, арыстандай айбатымыз, жолбарыстай қайратымыз бар кезде сенімді ақтап, кен орынды игеруге барынша кәсіби білім-білікпен атсалысуымыз керек»,- дейді ол.

Жасұланның әріптестері оның жауапкершіліктілігін, тиянақтылығын, білмегенін сұрап үнемі ұмтылыспен жұмыс жасайтынын жақсы қасиеттері деп бағалайды. Жас та болса, жетістігі бар маманды үлгі тұтады.

Б.Бөбекбай