Орталық Коммуникациялар қызметі алаңында Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында жамбы ату бойынша «Алтын жебе» халықаралық турнирін өткізуге арналған баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Шараның ұйымдастырушылары: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы» және «Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері қауымдастығы». Әлеуметтік серіктес — «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.

Жарысқа әлемнің 25 елінен 50 жуық қатысушы келеді. Біздің елден «Алтын жебеде» бес спортшы бақ сынамақ.  Олар: жамбы атудан Қазақстан Республикасы чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, 2016 жылғы «Ұлы дала ойындары» фестивалінің жеңімпазы атанған Елдос Бадашев және елішілік чемпионатта топ жарып жүрген саңлақтарымыз Сарыбай Айтбек, Айкөз Ералхан, Тулыбаев Абзал, Үзденбаев Бекқали.

ҚР «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы» Президенті Бекболат Тілеуханның айтуынша, ешкім жүлдесіз қайтпайды, жүлде қоры қомақты, бес орынға дейін бәйге бар.  Ұлттық садақ атудан әлемге аты әйгілі Кашшай Лайош сынды мергені бар Мажарстаннан  Чемез Фаркас баптаған венгр сұрмергені Намети Кристоф алғаш рет жамбы сайысында бақ сынамақ. Өздерін түркі жұртының бір бұтағы санап, ежелгі қыпшақ ұрпағымыз дейтін Мажарстан халқы ат үстінен садақ ату дәстүрін ұзақ жылдан бері насихаттаумен келеді. Венгрияда Еуропа көлеміндегі дәстүрлі садақ ату жарыстары жиі ұйымдастырылады. Қазіргі кезде  бүтін Еуропаға мадияр садақшыларының мергендік даңқы мол жайылған. «Алтын жебе» турниріне келетін  Намети Кристоф сол көп мергеннің ішіндегі үздіктердің бірі,-деді ол.

ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасы Елсияр Қанағатов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі бүгінгі күні ұлттық спортты ұлықтауға аса үлкен көңіл бөліп отыр, оған дәлел «Алтын жебе» сайысы. Бұл сайыстың жөні бөлек, себебі Қазақ жерінде «Алтын жебе» турнирі тұңғыш ұйымдастырылып отыр,-деді Елсияр Баймұхамедұлы.

Ұлттық садақтарын ұлықтап, садақ атудың халықаралық сайысын ең жиі ұйымдастыратын елдің бірі – Түркия. Бұл елден атағы жер жарған бапкер Левент Талха мен шәкірті Мұрат Бонжук келмекші. Сондай-ақ, Малайзиядан Ахма Дакалан, Польшадан Радослав Козуч, Румыниядан Mihai Cozmei, Финляндиядан Anna Kataviina Aibvecht, Катардан Walid Khawajkyc, Германиядан Giulia Josefine Salts сынды көздегенін мүлт жібермес қолмерген садақшылар Елордаға ат басын тірейді.  Сонымен қатар, іргедегі көршілеріміз Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Қытай елдерінің мергендері де Жамбы атудан тұңғыш өтетін халықаралық жарыстан тыс қалмақшы емес.

Анықтама үшін: 12-13 тамызда Астанадағы «Қазанат» атшабарында Жамбы атудан «Алтын жебе» халықаралық турнирі ту көтереді.  Жамбы ату қазақ халқында кең тараған мергендік сынның бір түрі. Атпен шауып келе жатып жігіттер екпінін бәсеңдетпестен құрулы бақан үстіндегі нысананы атып құлатуға тиіс. Ереже бойынша спортшылар сөреде өз сәйгүліктерінің жанында болады. Төреші белгі берісімен олар аттарын тез ерттеп, шаба жөнеліп, жолындағы нысаналарды атып құлатулары керек.

 Раухан ТУГУМБАЕВА,

Баспасөз хатшысы 

74-08-61, 87051422707