Бала кезінде барша жан көкті шарлап, ұшуды армандайды. Алайда олар әскери саланы таңдамай, өз өмірлерін басқа мамандықтармен байланыстырады. Санаулысы ғана сол арманға қол жеткізеді. Жуырда Ақтау гарнизонына қарасты  30153 әскери бөлімінде үлкен шара өтті. «Юсимас» Халықаралық интелектуалды даму академиясы балалары және Алматы қаласындағы «Әскери патриоттық  клубының» мүшелері әскери бөлімнің тыныс-тірлігі, әскери күн тәртібімен жіті танысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың әскер салаға қызығушылығын арттыру, әуе қорғанысы жайлы мол мағлұмат беріп,  соны саланы жаңа мамандармен толықтыруға күш жұмылдыру. Әскери бөлімнің өмірі бақылау-өткізу пунктінен басталады. Сап түзеп, қатар тізілген жас буын өкілдері біртіндеп құжаттарын тексертіп, әскери бөлімге асыға кірді. Бірден ұшақтарды айнала тамашалап, ішіне кіріп көруді сұрады.  Әсіресе бозбалаларды  ұшақтың ұсақ-түйек бөлшектеріне дейін қызықтырды. Қандай биіктікте самғау қабілеті, жылдамдықты арттыру қуаты сөз болды. Қателікті кешірмейтін ұшақты басқару екінің бірінің қолынан келмейтін іс екеніне көзі жеткен балалар өз білімдерін ары қарай жетілдіріу керектігін түсінді. Әскери бөлім өкілдері ҚР Қарулы Күштері, әуе қорғанысы саласы турасында кеңінен мағұлмат беріп, әскери бөлімді толықтай аралатты. Әскери техниканың қыр-сырын, сан түрлі тетігі жайлы ақпарат беріп, сауалдарға да тұщымды жауап берді. Балалар әскери бөлім аумағындағы спорт және акт залдарына бас сұғып, тамашалады.

Сонымен қоса шара барысында оқушылар атыс қаруымен танысып, оны өз қолдарымен ұстап көру мүмкіндігне ие болды. Пайдалану жолдарын да үйренді. Осылайша әскерилер жасөспірімдерді ел қорғауға шақырып, оның тыныштығын сақтау азаматтық борыш екенін түсіндірді.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ