Жуырда Құрық ауылында Қазақстан Республикасының шекара қызметінің құрылғанына 25 жыл толуына орай салтанатты эстафета өтті. Эстафетаға аудан әкімінің орынбасары Е.Күмісқалиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері, аудандық жастар ресурстары орталығының директоры М.Аманиязова, ертеңгі жас жауынгерлер — «Жасыл ел» студенттік жастар еңбек жасақтарының мүшелері және Отан қорғаушы сарбаздар қатысты. Алғашқы сөз кезегін алған Жыланды шекара заставасының бастығы, капитан  Бейбіт Талғатұлы:

-Ассалаумағалейкум құрметті қонақтар, шекарашы мырзалар! Қазақстан Республикасы Шекара қызметінің құрылғанына 25 жыл толуына арналған эстафетаға қош келдіңіздер! Эстафета ТМД мемлекеттік-қатысушы елдерінің Шекара әскерлері басқармаларының 77-отырысы аяқталған соң, Алматы қаласындағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы паркінде басталды. Бүгін эстафета құрамы Қарақия ауданындағы Жыланды шекара заставасына ат басын тіреді. Баршаңызды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын!,-деп салтанатты шараны ашып берді. Салтанатты шараға қатысушыларға арналып мемлекеттік әнұран орындалды. Сөз кезегі берілген 2018 әскери бөлім командирінің орынбасары подполковник Оразалы Сейдалыұлы шекара қызметкерлерін ширек ғасырлық мерекесімен құттықтап, олардың дендеріне саулық, алдағы уақытта қызметтеріне табыс, өмірлеріне сәттілік тіледі. Бойларын тік ұстап,сақадай сап түзеген жауынгерлер әскери құрмет көрсетті. Келесі сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Е.Күмісқалиевке берілді. Салтанатты шара соңында аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының орындауында «Туған жер», «Ризамын» атты әндер шырқалып, қазақтың ұлттық билері биленді.

Майра ТӨЛЕУОВА, «Қарақия» газеті