дәрі укол ауру
Сурет сайт архивінен

Бүкіл әлемде уақытылы екпе егу қажетті болып саналады. Сондықтан да бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы екпе егуде белсенділік таныта отырып, тұрғындар арасында бағытты үгіт-насихат жұмыстарын да қатар жүргізіп келеді.

Вакцина егу арқылы ересектер мен балаларды көптеген инфекциялардан-сал, қызылша, құрөзек, құрысу, көкжөтел, сонымен қатар өкпе ауруының ауыр түрлері, «В» гепатиті, қызамық, эпидемиялық паротит, гемофилді жұқпа сияқты аурулардан қорғап қалуға болады. Міндеттелген екпелерден өзге ұлттық екпе күнтізбесіне қосымша екпе түрлері енгізілген. Олар-тұмау, менингит, «А» гепатиті, оба, іш сүзегі сияқты жұқпалы ауруларға қарсы салынатын екпелер. Вакцина егу арқылы көптеген жұқпалы аурулардың әсерінен туындайтын өлім-жітім санын қысқартуға, ал кейбіреулерін мүлдем жойып жіберуге болады. Мысалы, вакцина салу  арқылы вирусты гепатиттің «А», «В» түрлерімен сырқаттанушылар қатары азайды. Аталған дертпен ауыратындардың өздерін басқа жақтан қоныс аударып көшіп келген, екпе алмаған адамдар құрап отыр.

Екпенің не екендігін, оның денсаулыққа қажеттілігін барлық ата-аналар жақсы түсінсе де, бірақ олардың басым бөлігі екпе салдырмас бұрын күмәнге бой алдырады. Бүгінгі таңда екпемен қорғалған балалардың сол инфекциялармен кездесетіні некен саяқ. Осыдан 30-40 жыл бұрын ата-аналарға қызылшаның немесе дифтерияның несімен қорқынышты екендігін түсіндірудің қажеттілігі жоқ болатын, себебі аталған инфекциядан балалар арасында өлім-жітім жеткілікті болды. Полиемелиттің алдындағы қорқыныш сезімі оның кейінгі әсеріне тікелей байланысты еді. Сол кезеңде балалар таңертең сал ауруы салдарынан аяғынан тұра алмай қалған болса, қазіргі кезде мүгедек арбасына таңылған ересектер баршылық. Солардың ішінде полиемелитпен ауырғандар да ұшырасады.

Вакцина егу — аурудың алдын алуға, ескертуге бағытталған тиімді әдіс. Біздің ұрпақтарымыздың салауаттылығына инфекцияға қарсы кеңінен профилактикалық егулердің жасалуына байланысты қол жеткізілді. Құрметті ата-аналар! Балаңыздың денсаулығы өз қолдарыңызда. Сәбиіңіздің екпені уақтылы  алып тұруы  оның мемлекетіміздің дені сау азаматы ретінде өсіп-жетілуіне көмектесетінін естен шығармаңыз!

А. БАКИЕВА, 
Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау 
басқармасының бас маманы