Болат Амантайұлы аудандық жастар ресурстары орталығында маман есебінде жұмыс жасайды. «Қарақия қайырымды жандары» еріктілер тобының үйлестірушісі.

Соңғы жылдары ауданымызда түрлі секторда қызмет атқарып жүрген белсенді жастар шоғыры қаулап өсіп келеді. Еліміздің ертеңгі жарқын келбеті болып табылатын олар өздерінің нақты жобаларымен, өмірге деген тың көзқарастарымен, жұмыс істеуге деген құлшыныстарымен ерекшеленеді. Солардың қатарында біз сөз еткелі отырған Амантай Болат Амантайұлы да бар.

-Өмірден қағажу көріп жүрген қиналған жандарға қол ұшын созып көмектесудің өзі көп адамның қолынан келе бермейтін сауапты іс болып табылады. Осындай игі бастама қай кезден бастап қолға алынды және оның бастауында тұрған азаматтар туралы айтып өтсеңіз екен?

-Қайырымды жандар еріктілер тобының негізін Алматылық Айдын Тоқсанбаева қалаған. Өткен жылдың тамыз айында Ақтау қаласында «Ақтау қайырымды жандары» еріктілер тобы құрылып, төрайымы болып Нағима Жандары сайланды. Араға айлар салып Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу селосында өкілдіктер құрылды.

«Қарақия қайырымды жандары» еріктілер тобы осы жылдың мамыр айынан бастап жұмыс жасап келеді.

-Еріктілер тобының айналысатын қайырымдылық шаралары жөнінде оқырмандарға түсінік бере кетсеңіз? Еріктілер құрамына кімдер тартылған және қандай негізде жұмыс жасайды?

— Біз қандай да бір қайырымдылық қоры немесе ұйымы емеспіз. Біздер тек қана еріктілерден құралған шағын топпыз, халық үшін жұмыс жасап қайырымдылық акцияларын өткіземіз. Жұмыс бабында демеушілер көмегіне жүгінеміз. Қарапайым халық шара барысында мүмкіндігіне қарай көңілдерінен шыққан қаржысын ұсынып жатады. Оның сыртында жеке кәсіпкерлер мен ірі мекемелерден қолдау күтеміз. Топ Құрық ауылы мен Бостан ауылының студенттері мен қызмет басындағыжәне жұмыссыз жүрген ерікті жастарынан құралған. Келесі кезекте қалған елді мекендердің жастарын еріктілер қатарына тарту ойда бар.

-Шілденің соңғы күндері аудан орталығындағы орталық алаңда шағын футболдан өткізіліп жатқан қайырымдылық шарасына атсалысып жатырсыз! Аталған шара қандай мақсатта өткізіліп отыр?

-Бұл қайырымдылық акциясын Жетібай ауылының 9 жасар тұрғыны Ақкөркем Шаңытбаеваның еміне қаржы жинау үшін «Қарақия қайырымды жандары» еріктілер тобы ұйымдастырып отыр. Оқыс оқиға салдарынан денесін күйік шалған ол қайырымды жандар көмегіне өте мұқтаж. Акцияның өз деңгейінде өткізілуіне аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі, аудандық жастар ресурстары орталығы жәрдемдесіп отыр. Ақкөркем- жалғыз басты анасы және төрт бауырымен бірге екі бөлмелі уақытша баспанада тұрады. Үйге кіретін кіріс көзі-Ақкөркемнің зейнетақысы мен бес балаға төленетін әлеуметтік көмек. 2016 жылдың сәуір айында Астана қаласындағы «Ана мен бала» орталығында жасалынған ота сәтсіз шыққан. Енді жасөспірім қызға Мәскеу қаласында ота жасатуға ниеттеніп, бізден қаржылай көмек сұрады.

-Бұл қолға алынған шара өзіңіз өткізіп жатқан алғашқы қадамыңыз ба? Алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстар және келешектегі жоспарларыңызбен ой бөлісе кетсеңіз?

-Біз тырнақалды шарамызды ағымдағы жылдың 1-ші маусым-балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырдық. Сол күні теңіз кенішін игеріп жатқан «Ер-Сай» ЖШС-нің демеушілігімен әртүрлі сырқатпен ауыратын мүгедек балалар арасында «Арманың орындалсын, балақай» атты шара өткізіп, жалпы құны бір миллион теңге тұратын түрлі ойыншықтар, ұялы телефон, велосипед тарту еттік. Алдағы шараны күз кезінде облыстық көлемде өткізуді жоспарлап отырмыз. 6-18 жас аралығындағы мүгедек балалар арасында ұйымдастырылатын «Жұлдызды сәт» байқауы ән, би, поэзия, қолөнер номинациялары бойынша өтеді. Келешектегі қолға алынатын шаралар әзірше құпия түрінде қала тұрсын.

-«Бәрінен де бір істі бастау қиын»-дегендей, мұндай іргелі жобаларды өткізу жеңілге түспейтіндігі белгілі. Қиналған сәттерде кімдердің көмегіне жүгіндіңіз?

-«Қазақты қазақ қараламай, Қадірін біл бағалай. Жақсылық жасап жарысайық, Иманыңнан бір талмай» деген сөзді өмірлік ұстаным етіп қабылдасақ, қазақтан асқан ұлы халық болмайды. Қысылғанда демейтін, жығылғанда жебейтін асыл халқым аман болсын! Осы күнге дейін әрбір бастамамызды қолдап келе жатқан нәзік жанды қайырымды жандар,өндірістік мекемелер қатары молая берсін!

-Сұхбатыңыз үшін рахмет! Жұмыстарыңызға табыс тілеймін!

Жалғас БЕГЕЙ, «Қарақия» газеті