Алик Айдарбаев

Дүйсенбі күні облыс әкімі Алик Айдарбаевтың аймақ активімен өткен кездесуінде Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде жасаған үндеуі мен «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы талқыланды. Жиында облыс әкімі Алик Серікұлы орынбасарларына, қала және аудан әкімдеріне, облыстық басқарма басшыларына Жолдаудан туындаған міндеттер мен тапсырмаларды жүктеді. Кеңейтілген жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының және мәжілісінің депутаттары, облыс әкімінің орынбасарлары, қала және аудан, ауыл әкімдері, облыстық басқарма мен мекеме басшылары, үкіметтік емес ұйым мен БАҚ өкілдері қатысты.

0899

– Құрметті жерлестер, активке қатысушылар! 2017 жыл еліміз үшін бірқатар саяси маңызды қадамдармен басталды. Елбасы Н.Назарбаев саяси жаңғыру мен өкілеттіліктерді қайта бөлу жөнінде арнайы үндеу жасап, өз құзіретіндегі біршама өкілеттіліктерді Үкімет пен Парламентке беру жөніндегі шешімге саналы түрде барып отыр. Бұл жаһандық ахуал мен ғаламдық үдерістерге, технология және әлеуметтік жаңғырту талаптарына берілген нақты жауап. Басты мақсат – басқару жүйесінің кеңдігін барынша арттыру. Мемлекет басшысы жаһандық өзгерістердің тамырын тап басып, еліміздің басқару жүйесіне қатысты тағдырлы шешім қабылдап отыр. Бұл реформа еліміздің саяси жүйесін демократияландыру және Конституциялық құрылымды нығайту жолындағы жаңа қадам деп білеміз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын жария етті. Ширек ғасыр тарихи тұрғыдан алғанда тым қысқа уақыт екендігіне қарамастан, дана халқымыздың бірлігі мен Елбасы Н.Назарбаевтың көрегенділігінің арқасында бүгінде жас мемлекетіміз әлемдік деңгейде өзін мойындатып қана қоймай, жаһандық мәселелерді шешуде бастамашылдығымен көзге түсті», – деді облыс әкімі Алик Айдарбаев.

Жиында баяндама жасаған аймақ басшысы Алик Серікұлы Жолдаудағы кешенді міндеттердің бірі жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру жөнінде айтып өтті.

«Біз жаңа индустрияландыру арқылы өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, транспорт, логистика, құрылыс секторын және басқа да салаларды дамытуымыз керек. Әсіресе, индустрияландыру картасына енетін жобаларға баса мән беруіміз қажет. Мәселен, ағымдағы жылы құны 56 млрд.теңге болатын 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл тұрғыда жұмыс жасауға ыңғайлы әрі тиімді арнайы экономикалық аймаққа көңіл бөлуіміз қажет. Индустрияландыру картасы үнемі жаңа жобалармен толығуы керек. Елбасы Н.Назарбаев елімізде жаңа ұлттық экспорттық стратегия жасақталатынын, сол арқылы мұнай және газ, химия салаларына инвестиция тартуға екпін берілетінін айтты. Осы мақсатта өңірлерде ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін инвестиция тартуды көздейтін ұлттық стартегияны жасақтауға белсенді атсалысуымыз керек» деген облыс әкімі Алик Серікұлы орынбасары Рақымбек Әміржановқа ақпан айының аяғына дейін индустрияландыру картасына енген жобаларды көзделген мерзімде іске қосуды, кәсіпкерлермен жұмысты жүйелі жүргізуді тапсырды.

0905

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін еліміздің мұнай -газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауы тиістігін айтқан болатын. Облыс әкімі Алик Айдарбаев мемлекеттік мекемелер мен мұнай компанияларының басшыларына геологиялық барлауды белсенді жүргізуді және жер қойнауын пайдалануға инвестиция тартуға жұмыстануға шақырды.

– Өзімізде шығарылған өнімдермен ішкі нарықтың сұранысын өтеуіміз керек. Бірқатар жауапты басшыларға өңірде аймақтық бағдарламаларды қаржыландырып, шағын және орта шаруашылықтарға жағдай жасап, кооперативтерге тартуды тапсырамын. Логистикалық бағытқа келер болсақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша елімізде және біздің облысымызда көліктік- логисткалық қатынас жанданып, жаңа жұмыс орындары құрылып, алыс-беріс, барыс-келіс артты. Көрші елдермен теміржол және Құрық порты арқылы, сондай-ақ еліміздің өзге өңірлерімен күре жолдар арқылы байланысқан жобаларды жүзеге асырып қана қоймай, жұмысын жүйелі жолға қою қажет, – деді облыс әкімі Алик Серікұлы.
Аймақ басшысы өз сөзінде ағымдағы жылдан бастап халықты қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталған «Нұрлы жер» бағдарламасы іске асатынын хабарлады. Ақтауда бас жоспарда қаралмағандықтан енді жеке үйлер салынбайтынын қаперге салды. Сондай-ақ облыс орталығындағы құрылыстар бірыңғай сәулеттік стильде салынатынын назарға берді. Ең алдымен үй салынбас бұрын инфрақұрылым тартылу қажеттігін қатаң ескертті. Білім саласына тоқталған облыс әкімі Алик Айдарбаев 1 қыркүйектен бастап тегін кәсіптік білім беру бағдарламасы жүзеге асатынын және ол үшін 26 колледж бен 8 ресурстық орталық 27 мамандық бойынша білім беретінін жеткізді. Ауыл жастарын еңбекке тартуға бағытталған «Жаңа серпін» аймақтық орталығының жұмысын жандандыруды тапсырды. Сонымен қатар бюджет тиімділігін түбегейлі арттыруды сөз еткен аймақ басшысы 2016 жылы бюджет орындалысы оң динамикаға ие екенін, осы жылы да осы бағыттан төмендеу қажеттігін ескертті. Мемлекеттік- жекеменшік әріптестік жобалары бойынша қала мен аудан әкімдеріне осы жылы 3 жобадан жасақтауды тапсырды.

0011

Облыс әкімі Алик Айдарбаев насихат тобының құрамындағы жергілікті атқарушы орган мен ірі кәсіпорын басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес төрағалары, үкіметтік емес ұйым мен зиялы қауым өкілдері,білім беру денсаулық сақтау және мемлекеттік қызмет ардагерлері қысқа мерзім халық арасында Елбасының үндеуі мен Жолдауын түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажеттігін назарға берді. Қазақстан халқы Ассамблеясы, кәсіподақтар көшбасшылары, партия бселсенділері, діни қызметкерлер, үкіметтік емес ұйымдардың басшыларына қоғамдық пікірдің басты тетігі ретінде ақпаратттық жұмыстарды жүйелі жүргізуді тапсырды.
Елбасы Н.Назарбаевтың үндеуі мен Жолдауын өңір халқына насихаттап, оны жүзеге асыру бойынша депутаттық корпустың және мәслихаттың атқаратын негізгі жұмыстарынан облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов хабардар етті. Бекмұрат Қыдырбайұлы өңірімізде Жолдауды халыққа түсіндіру мақсатында құрылған ақпараттық- насихаттық топтардың құрамына облыстық мәслихаттың барлық депутаттары енгенін және олар жақын күндері іске кірісетінін жеткізді. Облыстық мәслихат өз жұмысында Жолдауда көрсетілген негізгі басымдықтарды басшылыққа ала отырып жұмыс жүргізетінін мәлімдеді. Облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов депутаттардың басым көпшілігі ірі мекеме басшылары болғандықтан, өздері басқарып отырған ұжымда түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін айтып, көпшілікті Елбасы Жолдауындағы басымдықтарды іске асыруда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қызметтенуге шақырды.

087

– «Нұр Отан» партиясы Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлының үндеуін ел өміріндегі оңтайлы кезеңде қабылданған шешім деп санайды. Конституция мен еліміздің заңдарын қазіргі заманға сәйкес өзгерту шешімі халық тарапынан қолдау тауып жатқаны белгілі. Елбасы халыққа арнаған Жолдауында мемлекетіміздің нақты іс-әрекет стратегиясын айқындап, жаңа міндеттерді жүзеге асыруда билік партиясына ерекше міндеттерді жүктеді. Еліміздің басты саяси күші ретінде «Нұр Отан» партиясы жүктелген міндеттерді атқаруға тырысамыз. Биылғы Жолдаудың ерекшелігі – халыққа тек насихаттап, талқылап, түсіндіру ғана емес, ой-пікірін білу және ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына ұсыныстар жинақтау. Партияға жүктелген міндеттерге сәйкес аталған екі саяси маңызды құжаттарды жүзеге асыру бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп, медиа жоспар құрылды. Мемлекет басшысының үндеуі мен Жолдауындағы негізгі бағыттарды талқылау, түсіндіру мақсатында топтар құрылып, әртүрлі ақпараттық- әдістемелік құралдар дайындалды. Қазіргі таңда облыс, қала және ауданның партия филиалдары қызметкерлері, төрағалары, депуттардың қатысуымен халықпен кездесулер ұйымдастырылуда. Облыста 26 қаңтар мен 3 ақпан аралығында 57 кездесу мен жиналыс өткізіліп, БАҚ-та 100- ге тарта материал жарық көрді. Жолдауда белгіленген міндеттер мен шараларды жүзеге асыру партияның бақылауға алып, күнделікті мониторинг жасап, орталық аппаратқа жолдаймыз.Алдағы уақытта жүктелген міндет пен тапсырмаларды жауапкершілікпен атқарып, артылған сенім үдесінен шығуға жұмыстанамыз, – деді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Халила Нұрғалиева.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

078