Маңғыстау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Тұрбек Спанов, бөлім басшысы Ербол Денов және «Маңғыстаужолзертхана» ММ директоры Сайын Демесин  қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Басқосуда жолаушылар тасымалы, көліктік жүйе инфрақұрылымын дамыту, маршруттар желісі, жолдарға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жайында сөз болды. Биылғы жылы жүзеге асатын жобалар жай-күйі талқыланды.

04

«Биыл «Сыңғырлау-Сам-Ноғайты-Тұрыш» автокөлік жолының құрылысы толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі. «Қияқты-Тұщықұдық» тас жолы 23 шақырымға созылған. Осы жолға асфальт-бетон төсеу жұмысы қолға алынады. Бұл жоба екі жыл көлемінде жалғасын табады. Биыл «Шайыр-Шерқала» жолы арқылы Шетпе ауылына шығатын автокөлік жолына асфальт жамылғысы төселіп, қайта қалпына келтіру жұмыстары  жүргізіледі. Сонымен қатар, «Асар-С» сауда-саттық орталығы мен «ХГМЗ» зауытына дейінгі жолды кеңейтіп, төрт жолақты жолға айналдыру жоспарын орындаймыз. Және «Таушық-Форт-Шевченко» жолының 11 шақырымдық бөлігіне орташа жөндеу жүргізілмек. «Ақтау-Қаламқас» жолына қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес әрбір аудан аумағында кемінде бір автокөлік жолы салынуы тиіс.  Биыл Мұнайлы ауданында жол мәселесі өз шешімін таппақ. Мәселен, Басқұдық тұсынан әуежайға бағытталған жол салынады. «Электр», «Горняк» саяжайлары мен қала аралығында жол пайда болады. Ақтау қаласы аумағы бойынша жол жөндеу жұмыстары да сәтті орындалмақ. «Приморск» елді мекені ішінде асфальт төселеді. Жаңа шағынаудандарда ішкі жолдар желісі жүргізіледі»,-дейді Т.Спанов.

024

Жоғарыда аталып өткен жұмыстарға және тағы басқаларына жергілікті бюджеттен 7 млрд.-тан астам теңге, ал республикалық бюджеттен 900 млн. теңге көлемінде  қаржы бөлінген. Биылғы жылы жолдармен қоса, маршурттар бағыты біршама өзгеріске ұшырайды.  Қазіргі таңда Маңғыстау облысы бойынша жолушылар тасымалымен 29 көлік мекемелері айналысуда. Аудандық, қалалық, облысішілік және облысаралық  маршруттарға 18 мекеме қызмет етеді.

«Облыс аумағында халық саны мыңнан асатын 58 елді мекен бар. Олардың 15 пайызы тұрақты көлік маршруты желісімен қамтылмаған. Көлік мекемелері шалғайдағы ауыл-аймақтар мен елді мекендерге көлік тасымалын жүргізуге құлықсыз. Дегенмен, келіссөздер жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2020 жылға дейін өңірде бір автовокзал, төрт автобекет, он төрт жолаушыларға қызмет көрсету бекеті, жиырма екі такси тұрағы салынады. Ең алдымен Ақтау қаласында автовокзал құрылысы қолға алынады. Былтыр Бейнеу және Шетпе ауылында екі автобекет пайдалануға берілді. Ал биыл Қарақия ауданында,  2020 жылы Түпқарағанда көлік бекетін салу жоспарлануда»,-дейді Е.Денов.

Еске салар мәлімет, көршілес Атырау өңірі мен Ақтау арасындағы автокөлік жолының құрылысы 2012 жылы бастау алған еді. Биылғы жылы көптен күткен жол аяқталуы мүмкін. Сонымен қоса, «Дженгиз Иншаат» түрік компаниясы қаржыландыруымен «Ақтау-Бейнеу» автокөлік жолына қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Ел арасында жолақаның өсуі мүмкін деген сыбыс шыққаны рас. Бұл туралы МО жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасының бөлім басшысы өз пікірін білдірді.

«Өңірлік көлік мекемелері тарапынан жолақыны  көтеру жөнінде өтініш келіп түскен жоқ. Биыл көліктің қосалқы бөлшектерінің құны екі есе артқандығы рас. Жанармай, көгілдір отын бағасы артса, наразылық туындауы, жолақыны көтеруді талап етуі мүмкін»,-дейді Е.Денов.

Голрох Жеменей
Суреттерді түсірген:  Серік Майемеров