Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларының әлемдегі ең алып корпорациялардың бірімен  танысуына АҚШ-тың Калифорния штатында орналасқан NUEVA серіктес мектебіне сапары себеп болды.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Даму стратегиясына сәйкес халықаралық серіктестік қарым-қатынас орнату үшін  ұйымдастырылған сапарға физика, математика, информатика бағытындағы 13 оқушы іріктеліп алынды.

Сапарға оқушылармен бірге аттанған мектеп директорының сыртқы істер жөніндегі орынбасары Айым Тарихқызының сөзінше, екі аптаға созылған сапар балалардың тілдік ортада бейімделуінің арқасында ағылшын тілін терең меңгеруге, көшбасшылық қабілеттерін дамытуына, балалардың өзін-өзі дамытып, зерттеу жұмыстарымен айналысуына, сынақ пен тәжірибе нәтижесінде оқып-үйренуге, сараптамалық қабілетін дамытып, сыни ойлауына мүмкіндік жасады.

  • Мектеп Калифорния штатына қарасты Сан-Матео қаласында орналасқан. 1967 жылы негізі қаланған оқу орнындағы білім беру жүйесі зияткерлік мектептің жүйесіне ұқсас. Десе де айырмашылықтар байқалады. Мәселен, олардың киім-киюі, мектеп құндылықтары, оқушыға қойылатын талаптар. Біздер осы мектепте оқитын оқушыларымыздың үйінде тоқтадық. Мұны host-friend деп атайды. Мен Одри Кост деген досымның үйінде тоқтадым. Ол өте белсенді әрі жан-жақты дамыған, салмақты қыз. Мен секілді 10-сыныпта оқиды. Ата-анасы да өте салмақты әрі қамқор. АҚШ-қа аттанар алдында біз алдын ала бір-бірімізге хат жазып танысқан болатынбыз. Қонақ болған кезімде олар маған барлық жағдайды жасады. Одри екеуміз  өте жақсы дос болып кеттік, — дейді Алима Башеева.

13-%d0%bd%d0%b8%d1%88

Зияткерлік мектеп оқушылары жаңа достарымен күнде сабаққа бірге барып, бірге келіп жүрді. Сапарды ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл балаларға жаңа ортаға тезірек үйренісуге көп әсер еткен. NUEVA мектебінде оқушылар физика, математика, ойлау дизайны, ағылшын, испан, қытай тілдерін және STEM бағдарламасы, Sсince of mind, өнер және т.б. пәндерді оқыды. Сонымен қатар, зияткерлік мектеп оқушылары түстен кейін «ойлау дизайны» (дизайн мышления) курсына қатысты.

  • Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі қазіргі таңда халықаралық мектеп деңгейіне өту үшін шет елдік мектептермен серіктестік қарым-қатынас орнатып жатыр. Бұл мектебіміздің ұстаздарына өзге елдердегі білім жүйесімен, білім беру әдісімен танысуға мүмкіндік берсе, оқушыларымызға білім арттыруға ықпал етеді. Айта кетейін, зияткерлік мектеп биылдан бастап CIS (Халықаралық мектеп кеңесі) аккредитациясын өтіп жатыр. Бұл бірнеше жылдық процесс болғанымен біздің мектебіміздің халықаралық мектеп стандартына сай жұмыс жасауымызға әсер етеді. NUEVA мектебін серіктес ретінде таңдау себебіміз бұл мектепте физика, инновациялық білім беру деңгейінде жұмыс істеуі. Өзіміз көргеніміздей, білім орнында тәжірибелік жұмыстарға қатты мән береді, — деді Айым Тарихқызы.

Оқушылар сабақ қана оқып қоймай, ғылыми орталықтар, университеттер, музейлерге, Google корпорациясына барды.

  • Корпорация өте танымал болғанымен оның жұмысымен танысу кез келген адамға тап бола бермейтін мүмкіндік. Бізді қарсы алған компанияныңаға менеджері Владимир Вайнштайн мекеменің құрылу тарихы мен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді. Кездесу барысында мекеменің барлық мүмкіндіктері туралы ақпарат алдым, — дейді 10 сынып оқушысы Бауыржан Аймағанбетов сапар жайында.

8-%d0%bd%d0%b8%d1%88

Оның сөзінше,  Google компаниясына бару оның мамандық таңдауына тікелей әсер етіпті. Ал робототехника мен инженерияға қызығушылықпен қарайтын Діннмұхаммед Тұрашевқа Стэнфорд университеті ерекше ұнапты.

— Стэнфорд университеті дүние жүзіндегі ең мықты деп саналатын университеттер тізімінің алдыңғы орнында тұр. Бізді Қазақстаннан келіп, доктарантурада оқып жатқан Нұрлыбек Мурсали университет жұмысымен таныстырып, өз зерттеуі жайлы айтып берді. Мәселен, ол адам организмінің жасушасын басқа организмге салып, оны өсіруды сынақтан өткізіп жатыр. Расын айтқанда бұл дүние жүзінде жасалып жатқан эксперименттердің бірегейі. Оның зерттеуімен танысу өте қызықты болды. Болашақта осы университетте оқығым келеді, — деді Діннмұхаммед Тұрашов.

Зияткерлік мектеп пен NUEVA мектебінің арасындағы серіктестік қатынасы алдағы уақытта жалғаса түспек. АҚШ-қа барып келген 13 оқушы алдағы уақытта серіктес мектептің бір ұстазы және оқушысымен біріге отырып қашықтықта зерттеу жұмысымен айланыспақ. Сондай-ақ алдағы уақытта, NUEVA мектебінің оқушылары да Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім беру жүйесімен танысады деп жоспарлануда.

Химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз қызметі

3-%d0%bd%d0%b8%d1%88