Өткен сейсенбіде облыс әкімдігінде өңірімізде пайдалы қазбаларды игеру және барлауды дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің жер қойнауын пайдалану және геология комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев және осы министрліктің жер қойнауын пайдалану департаментінің бас сарапшысы Мадина Қапенова, облыс әкімі Алик Айдарбаев, оның орынбасарлары және тиісті мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.

0450

Жер қойнауын пайдалану және геология комитетінің төрағасы Базарбай Қанайұлының айтуынша, Маңғыстау облысының аумағында мырыш-молибден, темір, марганец, целестина-барит рудалары, минералды тұз, фосфорит, көмір және өзге де сирек кездесетін рудалардың кен орындары бар.

– Біздің облысымыз қатты пайдалы қазбалардың кен орындары қоры бойынша көшбасшы өңір емес. Дегенмен, аймағымызда қатты пайдалы қазбалардың зерттелмеген кен орындары бар. Сондықтан да өлкеде пайдалы қазбалардың қорын анықтау мақсатында ізденуіміз керек. Бұл бағытта «Каспий» ӘКК» ҰК стратегиялық әріптестіктік орнату, инвесторларды тарту жұмыстарын атқарады, – деді облыс әкімі Алик Айдарбаев.

Кеңес барысында жиналғандарды «Каспий» ӘКК» ҰК» АҚ төрағасы Ибрагим Тағашев «Айт-Көкше» марганец рудасы, «Ащысор», «Жаманайрақты», «Жаңа әулие» минералды тұзды кен орындарындағы геологиялық барлау жұмыстарынан хабардар етті. Сондай-ақ «Техногран- Ақтөбе» ЖШС құрылтайшысы Тілеуқабыл Абдулин қуаты жылына 3 мың тонна болатын катодты мыс шығаруға қауқарлы зауыттың жобасын таныстырды.

09441

Кеңес кезінде аймақта пайдалы қазбаларды игеру және барлауды дамыту мәселелері талқыланып, бірқатар басшыларға тапсырма берілді. Облыс әкімі Алик Серікұлы аймақта бұрын-соңды іске аспаған бұл жобаға жетекшілік етуді орынбасары Рақымбек Әміржановқа жүктеп, жұмыс тобын құруды және кездесетін кедергілерді шешуді тапсырды.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ