Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қостанайда республикалық деңгейде кәсіподақ жастары арасында өткен пікірсайыс турнирінен маңғыстаулық мұнайшылар жеңіспен оралды. Мұнайшылар аталмыш жарыстан қазақ және орыс тілді лиганың да бас жүлдесін иеленіп, аймақ абыройын асқақтатты.

– Бұл сайыс  кәсіподақ жастары арасында алғаш рет өткізіліп отыр. ҚР кәсіподақтар федерациясының кубогін және қос  жүлдесін біздің маңғыстаулық мұнайшылардың иеленіп отырғаны үлкен мәртебе, зор қуаныш. Жалпы жарысқа кәсіподақ жастарымен бірге студенттер де қатысты. Сайысқа біздің облыстан «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мен «Қаражанбасмұнай» АҚ кәсіподағынан 7 адам қатысты. Сайысты ұйымдастырудағы басты мақсат-жастардың интеллектуалдық әлеуетін арттырып, олардың елдегі түрлі саяси-әлеуметтік жағдайларға араласуына мүмкіндік жасау. Бұйыртса, келер жылы кәсіподақ жастары арасында республикалық пікірсайыс турнирін Ақтау қаласында ұйымдастырамақшымыз,-дейді облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков.

        04 Сөз жарысқа Қазақстан Республикасының пікірсайыс технологиясын жете меңгерген Ақмола, Алматы, Павлодар, Қостанай, Маңғыстау облыстарынан 32 команда қатысып, бақтарын сынады. Пікірсайысшылар қойылған талаптар бойынша ойларын еркін жеткізуге тырысып, шешім қабылдауға машықтанды.

         -Республикалық деңгейде өткен пікірсайысқа алғаш рет қатыстық. Түбектің жүгін арқалап барғаннан кейін, намысты қолдан бермеуге тырыстық. Кәсіподақ жұмысы, еңбек қатынастары, еңбек заңнамасынан біздің хабарымыз көп болатын. Сондықтан осы бағытта өзгелерден бір саты жоғары бағаландық. Пікірсайыс бағдарламасында еңбек дауларын тиімді шешу жолдары, мигранттар мәселесі, кәсіподақ ұйымын жаңартудың тиімді механизмі, әйел азаматшалардың билікке араласуы сияқты өзекті мәселелер талқылауға салынды. Көзі ашық, сауатты адам үшін бұл тақырыптарға қатысты пікір айту аса қиын емес деп есептеймін,-дейді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкері Ерболат Ещанов.

         05Финалдық ойында маңғыстаулық мұнайшылар Алматы облысының командасымен «Қызметкерлердің еңбек дауларын ереуілдер арқылы шешу» мәселесін талқылап, өз ойларын ортаға салды. Қызу додадан аталған тақырып жайында терең ой қозғап, өздерінің ұстанымын жан-жақты дәлелдеп, қорғап шыққан маңғыстаулық мұнайшылар Ерболат Ещанов, Еркебұлан Бисенов, Шыңғыс Абдыров, Анар Нұғыманова бірінші орынды еншілеп, кәсіподақ кубогіне ие болды.

– Әрбір азаматтың бойында мемлекеттің тағдыры мен болашағы үшін жауапкершілік қалыптастыруда, жастардың мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді шешуге қатысты пікірлерін ортаға салып, талқылауға мұндай пікірсайыс турнирлерінің берері мол деп есептеймін. Сайысқа алғаш рет қатысып отырсақ та, барымызды салып, жүлделі орыннан көрінуге тырыстық. Орыс тілді лигалардың арасынан дараланып, командалық есепте бірінші орынды иеленгенімізге өте қуаныштымыз. Сайыстан әріптесім Анар Нұғыманова спикерлер арасында да бірінші орынды еншіледі,-дейді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкері Шыңғыс Абдыров.

         Сайыс қорытындысында екінші орынды алматылықтар жеңіп алса, үшінші орынға қостанайлық жастар тұрақтады.

Венера МИРЛАН

0602