М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 22-26 қыркүйек күндері Жаңаөзен қаласына, 28 қыркүйек — 7 қазан аралығында Ақтау қаласына гастрольдік сапармен келмек.  Театрдың көркемдік жетекшісі, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов пен театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл бастаған бұл өнер сапары Н. Жантөрин музыкалық драма театрының 14 ашылу маусымына дөп келіп тұр.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен М.Әуезов театрының 90 жылдығы аясында Маңғыстау топырағына табан тірегелі отырған гастрольдік сапардың мақсаты — аталған мерейтойлар қарсаңында өңір тұрғындарын өнермен сусындатып қайту.

Бұл жолғы сапарда Маңғыстау облысының жұртына театр репертуарындағы көрерменнің көңіл төрінен орын тепкен жеті спектакль ұсылынады. Олар: М.Әуезовтің «Абай» трагедиясы (реж. Е.Обаев), Ғ.Есімнің «Таңсұлу» драмасы (реж. А.Кәкішева), Р.Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан» тарихи драмасы (реж. Ю.Ханинго-Бекназар), И.Сапарбайдың «Қыз мұңы» драмасы (реж. Т.Аралбай), М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» драмасы (реж. О.Кенебаев), А.Володиннің «Қоштасқым келмейді…» драмасы (реж. А.Маемиров), Т.Нұрмағамбетовтың «Қожанасыр тірі екен…» музыкалық комедиясы (реж. О.Кенебаев).

Қойылымдар Жаңаөзен қаласында «Мұнайшы» мәдениет үйінде, Ақтау қаласында Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы Қазақ музыкалық драма театрының ғимаратында өткізіледі. Спектакльдерде Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Айдос Бектемір, Қазақстанның халық артисі Гүлнар Жақыпова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бекжан Тұрыс, Азат Сейтметов, Асылбек Боранбай, Дария Жүсіп, Азамат Сатыбалды сынды көрермен қауымға театр және телеэкран арқылы танылып жүрген белді артистер мен қазақ театр өнерінің майталмандары бастаған көшке жаңадан қосылған жас буын өкілдері өнер көрсетеді.

Үміт ЖӘЛЕКЕ

репертуар жанаозен

dbe3900ff76a557f164cd9d4d9cbacc6-1000x700

репертуар актау

бейбарыс актау

коштаскым актау

ТЕНДЕР актау

кожанасыр актау

тансулу актау