Елордамыз Астана қаласында өткен «ҚазМұнайГаз»ҰК»АҚ қызметкерлерінің спартакиадасы мәресіне жетті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және мұнайшылардың мерекесіне орай ұйымдастырылған жарыстан «Қаражанбасмұнай» АҚ командасы жеңіс тұғырынан көрініп, жүлделі үшінші орынды қанжығалады.

Кенорындары мен кеңселерде күні бойы қызмет ететін мұнайшылар бұл жолы елордадағы «Назарбаев» Университетінің спорт залында бас қосты. Волейболдан өткен жарысқа алпауыт компания «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қарамағындағы еншілес және бірлескен ұйымдарынан  жасақталған 10 команда қатысып, бақтарын сынады.

15

-Біздің мекеменің әрбір қызметкері спортқа әуес. Жыл сайын өткізілетін компания аралық спартакиадаға ұйымшылдықпен қатысу мұнайшылар үшін жақсы дәстүрге айналған. Әдетте біз қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде спорттық мерекеде бас қосамыз. Бұл жолы жарысқа 10 күн дайындалдық. Тыңғылықты дайындықтың нәтижиесінде жеңіске жетіп, ұжымымыздың намысын абыроймен қорғадық. Жалпы біздің мекеменің жігіттері мықты, қаласа бәріне де үлгереді. Жұмыс орнында тапжылмай еңбек етеді, жаттығу мен жарысқа да уақыт табады,-дейді «Қаражанбасмұнай» АҚ командасының капитаны Əділбек Кенжеғалиұлы.

Командалық ұйымшылдықты, ширақ қимыл мен шеберлiктi талап ететін жарыста командалар үздіктер қатарынан көріну үшін барын салды. Өрнекті ойын үлгісін көрсеткен «КазТранОйл» компаниясының командасы бірінші орынды иеленсе, екінші орынға «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС қол жеткізді. Жүлделі үшінші орынды маңғыстаулық «Қаражанбасмұнай» АҚ командасы еншіледі. Команда құрамында С. Айдаров, Б. Жайлаубаев, С. Жайлаубаев, Е. Бiләлов, А. Иманбаев, Ж. Әскербаев, Д.Сейтмағанбетов, К.Мырзатаев, Ә.Кенжеғалиұлы, А. Қылышбаев, Қ.Өтегенов өнер көрсетті.

10

-Біз спартакидаға биыл бесінші рет қатысып отырмыз. Бұған дейін 2012 жылы Астана қаласында өткен спартакидада үшінші орынды иеленген болатынбыз. Сол жеңісімізді бұл жолы да қайталадық. Өте қуаныштымыз. Жалпы біздің мекемеде қызметкерлердің бос уақыттарын тиімді пайдаланып, спортпен айналысып, салауатты өмір салтын сақтауы үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан да келер жылы дайындықты мықтылап қолға алып, бірінші орынды иеленеміз деп үміттенемін,-дейді «Қаражанбасмұнай» АҚ командасының мүшесі Бекзат Жайлаубаев.

Жарыс жеңімпаздары «ҚазМұнайГаз»ҰК»АҚ басқарма төрағасы С. Мыңбаевтың атынан дипломмен марапатталып, медаль, кубоктарға ие болды. Сондай-ақ спартакиада қатысушылары спорттың өзге де түрлері шағын футбол, баскетбол, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, 100 метр қашықтыққа жүгіру, үстел теннисінен сайысқа түсті.

Венера МИРЛАН

11  13