Бейнеу – тоғыз жолдың торабында жайласқан аудан. Жергілікті экономиканың қарқынды дамып, тұрғындардың әл-ауқатының артуында теміржол саласы негізгі орында тұр. Экономиканың күре тамырына айналған теміржол қызметкерлері күніне орай газетіміздің тілшісі Бейнеу жол дистанциясы мекемесінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұстафа Қожбановпен сұқбаттасты.

— Мұстафа Сисенбекұлы, теміржолшылардың кәсіби мерекесін өткен демалыс күні өз деңгейінде атап өткеніңізден хабардармыз. Сондықтан сұхбатымызды мекемеңіздің бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігі жайындағы әңгімеңізден бастасаңыз?

— Ұжымымызда жұмыс «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының, Маңғыстау теміржол бөлімшесінің тапсырмалары мен нұсқауларына сай атқарылуда. Дистанцияның негізгі міндеті – теміржолға ағымдағы жұмыстарды жүргізіп, күтіп ұстау. Нақты айтсам, бүгінгі таңда Б.Айтыманов басқаратын дистанция мекеме- сінде ағымдағы жол күтімімен қатар өзге де өндірістік мәселелер үнемі қадағалауда тұр. Жалпы дистанциядағы жол шаруашылығының жұмыстары, оның айнасы есептелетін техникалық бөлімнің жұмыстары, оған сабақтасатын кадрлармен жұмыс жасау, қаржыны үйлестіру, техникалық қауіпсіздік, техникалық сабақтар өткізу, диспетчерлік басқару сияқты маңызды жұмыстарды басқарып жүрген бас инженер А.Муханов, бастықтың орынбасарлары Ә.Қойжанов, Н.Дүйсенов, техникалық бөлімнің бастығы Г.Сариева, еңбек қорғау инженері Г.Далабаева – өз жұмыстарының нағыз мамандары.

Дистанциямыз бойынша 84 жұмыс орны бар. Міне, осы орындарда еңбек тәртібі бұлжытпай сақталып, жұмыстар өндірісте жарақатты болдырмау және еңбек қауіпсіздігінің іс-шараларына сай атқарылуда. Соңғы жылдары ұжымымызда жұмыс уақытында төтенше жағдай орын алған жоқ. Мекеменің жетістіктеріне келетін болсам, биылғы жылдың 7 айында Сай Өтес – РЗ9 аралығындағы 18 шақырым теміржолға күрделі жөндеу жұмыстары, мал өтуін болдырмау үшін жоспарланған жұмыстың 3 шақырым бөлігі орындалды. Ең бастысы мекеме 2018-2019 жылдары Қазақстан темір- жолдары бойынша алдыңғы қатарда көрініп, жүлделі орындарды иеленіп, тоқсан сайын сыйақы алып келеді. Бұл жетістіктерде ұжымдағы көптеген қызметкерлердің, соның ішінде жол жөндеушілер Қ.Исаев, Р.Дүйсенов, жасанды құрылыс жөндеуші Т.Нұрбердиев, ДГКУ жүргізушісі Ж.Мусаев, оператор Б.Молдабеков, жол бапкерлері Б.Абдуллаұлы, М.Құрбанов, жол шеберлері А.Куттыгулов, Б.Табылдиев, Т.Сырымов, Д.Абдыров, аға жол шеберлері А.Сенгирбеков, О.Ажмурадов секілді кәсіби білікті мамандардың еңбегі зор. Сондай-ақ мамандардан Т.Нұрбердиев «Адал еңбегі үшін», А.Куттыгулов, Д.Абдыров, А.Сенгирбеков, О.Ажмурадовтар құрмет грамотымен марапатталып, Б.Табылдиев «Үздік маман» төсбелгісіне ие болып, ерен еңбектерімен ұжым құрметіне бөленіп жүр.

Теміржол еңбек тәртібін бұлжытпай сақтап, біліктілікпен жұмыс істейтін,міндеті ауыр, жауапкершілігі жоғары сала екенін көпшілік жақсы біледі. Теміржол саласында оп-оңай, жеңіл-желпі атқарылатын жұмыс жоқ. Айталық, біздің дистанция бойынша Сай-Өтес 9-ыншы бекеті аралығында қызмет көрсететін 12 інші және 13 інші айналымның екі желілі 56 шақырым жолы радиусы 650 метрден кем 74 бұрылысты телімі бар, 10 көпір, 54 темір бетон құбыры бар, өте қиын учас- келердің санатына енеді. Міне, осындай аса жауапты учаскеде қалыпты жұмыс жағдайын, өндірістік тілмен айтқанда 15-20 балдық көрсеткішті бұлжытпай сақтау оңай емес. Міне, осындай жауапты жұмысты мінсіз атқарып жүрген жол шеберлері Ж.Бабакулов, Д.Абдыров пен жол бапкерлері Е.Емешов, С.Чанбаев, Б.Артықбаев, Б.Әбілтөреевтерді ерекше атауға болады.

Мекеме бойынша көктемде және күзде байқау жүргізіліп, олардың қорытындысы жасалып, дистанция бойынша жол шаруашылығының жағдайы жан-жақты талқыланып, талдау жасалады. Маңғыстау жол бөлім- шесінің директоры М.Бақтыгереевтің басшылығымен байқау комиссиясының тексеруі барысында жол шаруашылығының жағдайы жан-жақты тексеріліп, кемшіліктер анықталып, акт жасақталды. Сонымен қатар мекемеден басқа қызмет орындарына тиесілі жұмыстардан пайда болып отырған кемшіліктерді қалпына келтіріп, оны болдырмау жөнінде жауапты қызметкерлерге тапсырмалар беріледі. Соның ішінде үнемі жұмысқа кедергі болып келгені қызметкерлерді тасымалдайтын АСК-лердің уақытында жұмыс орнына жетпеуі. Ол жөнінде поезд диспетчерлеріне нақты тапсырмалар берілді. Жыл да көктемдік және күздік байқау қорытындысында мәселе болатын құрал-саймандардың жетіспеушілігі оның сапасының төмендігі, арнайы киімдердің сапасыздығы жөнінде мәселелерді шешу жолдары нақтылануда.

Мамандар мен жұмысшыларға қажетті ақпараттар мен біліктілік техникалық сабақтар өткізу арқылы түсіндіріледі. “Жолда адам” деп аталатын ақпараттық жүйе тұрақты жұмыс істейді. Барлық айналымдар мен цехтар еңбек қорғау бұрышымен жарақтандырылған. Есептегі құрал-саймандардың есебі қатаң жүргізіледі. Техникалық оқыту дистанция директорының бекіткен жоспары бойынша айына жол жөндеушілермен 2 рет, механизаторлармен 1 рет іс жүзінде көрсету арқылы кәсіби біліктілігін арттыру шарасы жүргізіледі. Дистанция бойынша әртүрлі тақырыпта, мысалы аралық пункттерді күтіп ұстау, бағыттамалы бұрмалар күтімі, ең үлгілі безендірілген табель, бұрылысты жолдар күтімі деген сияқты тәжірибе алмасу мектебі өткізіліп тұрады. Оған жолдың жағдайын жақсы қалпында ұстап тұрумен қатар жолдың ағымдағы күтімін жақсарта білетін, балдық жоспары әрдайым орындалып отыратын, жұмыстарында ақау болмаған, еңбек тәртібі жоғары, жалпы басқа айналымдарға үлгі бола алатын бөлімшелер конкурс бойынша анықталады.

— Мұстафа Сисенбекұлы, сіздің сөзіңізден Бейнеу жол дистанциясы еңбек тәртібі мен жоғары жауапкершілік қалыптасқан ұжым екендігін байқап отырмыз. Міне, осындай ұжымда өндірістің келешегі болатын жастар мәселесіне көзқарас қандай?

— Дұрыс сұрақ қойып отырсыз. Елімізде биылғы жыл Жастар жылы деп аталып, жастарды қолдау бағытында күшті саясат қолға алынғаны белгілі. Шындығында, өндірістің болашағы – жастардың қолында. Сондықтан ұжымды жас маман кадрлармен толықтыру мәселесі – басшылардың үнемі назарында. Мекеме басшысы Берікбай Айтымановтың тікелей тапсырмасымен теміржол саласындағы 35 қызметкер өндірістен қол үзбей жоғары оқу орындарында оқып, бітіріп, мамандығы бойынша жұмыс жасап жүр. Кадрларды даярлау мен оқыту, біліктілігін арттыруға жасақталған кесте бойынша мамандар, олардың арасында жастар Нұр-Сұлтан, Ақтөбе қалаларындағы оқыту орталықтарына жіберіледі. Биылғы Жастар жылында бұлардан өзге де маңызды шаралар қолға алынды. Өзінің қатарын жас мамандармен толықтыруға көңіл бөлген ұжым алдағы уақытта да мемлекеттік тапсырмалар мен талаптарды толықтай орындап, жоғары биіктерден көріне беретініне сенім мол.

— Ұжымда еңбек тәртібі мен жоғары жауапкершілік қалыптасқанын айғақтайтын әңгімемізді осымен аяқтап, енді өзіңіз жетекшілік етіп жүрген кәсіподақ ұйымының қызметтеріне ойыссақ…

— Кәсіподақ комитеті ұжымдық шартты негізге ала отырып, жұмыс жасайды. Өздеріңіз білетін ұжымдық шарт ҚР “Еңбек кодексі”, ҚР “Кәсіподақтар туралы” заңы, тағы да басқа нормативтік-құқықтық актілер негізінде «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен еңбек ұжымы арасында жасақталады. Осы ұжымдық шартта екі тараптың міндеттері мен құқықтары белгіленген. Ұжымдық шартта қамтылған мәселелерге сүйене отырып, кәсіподақтың атқаратын жылдық жоспары жасақталып, сол бойынша негізгі жұмыстар атқарылады. Оның ішінде еңбекті, еңбекақы мен жұмыс уақытын ұйымдастыру мен нормалау, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай, еңбек қорғау, құқықтық қорғау мен әлеуметтік кепілдіктер сияқты қызметкерлер үшін негізгі қажетті мәселелер бар. Сонымен қатар басты міндеттердің бірі – мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізу.

Осы мәселелер бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде еңбекті қорғау мен заңдылықтарын сақтау, жол шаруашылығының жұмысшыларын арнайы киімдермен және жеке қорғаныс жабдықтарымен қамтамасыз ету жөнінде жауапты қызметкерлердің есептері тыңдалды. Мекеме қызметкерлері мен зейнеткерлері үшін дистанция бойынша әлеуметтік жеңілдіктер сметасының орындалуы бақылауда тұр.

— Көпшілік кейінгі уақытта кәсіподақтардың қызметі талап деңгейіне жауап бермейді дейтін пікір білдіріп жүр. Сіз жетекшілік етіп жүрген ұйым басшылардың заңдылықты сақтауға ықпалы қандай деңгейде?

— Қазіргі кезге дейін дистанция бойынша еңбек заңды- лықтарын бұзу жағдайлары болған жоқ, еңбек демалысы келісілген кесте бойынша уақытында беріледі, дәрігерлік тексерілулер кесте бойынша өткізілуде. Жұмысшылардың тұрмыстық жағдайына келсем, Ақжігіт, Оазис елді мекендеріне, Бейнеу – Тассай учаскесіне цистернамен тасу арқылы аталған елді мекен тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырмыз. Денсаулыққа зияны бар орындарда істейтін қызметкерлерге дистанция бастығының бұйрығымен қосымша ақы төлеу, еңбек демалысына күн қосу, арнайы сүт тағамдары беріледі. Мерзімінен бұрын тозығы жеткен, сапасыз мақта күртелердің орнына жаңа жұмыс киімі мен қолғап қажеттілігіне қарай айына екі рет ауыстырылады. Жұмысшылардың, көп балалы отбасылардың балаларын жазғы сауықтыру лагеріне жіберуге көңіл бөліп, мекеме қызметкерлерінің сұраныстары толық қанағаттандырылып жүр. Мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізу бойынша айтатын болсам, республикалық мерекелер, сонымен қатар төл мерекеміз Теміржолшылар күні, Наурыз мерекелері ұйымдастырылып, оның ішінде арқан тарту, кір тасын көтеру, волейбол, т.б. спорттық жарыстар өткізіледі. Сонымен қатар аудан көлемінде ұйымдастырылатын мәдени-көпшілік іс-шараларға да белсенді араласып тұрамыз. Мысалы, теміржолшылар аудан орталығында Денсаулық күні мерекесіне орай ұйымдастырылған спорттың 6 түрінен қатысты. Биылғы теміржолшылар күні мерекесіне орай теміржолда жұмыс жасап, өмірден озған бұрынғы әріптестерді еске алып, кіші футбол турнирін ұйымдастырдық, бұл туралы өзіңіз «Рауанның» бетінде хабар жарияладыңыз. Қызметкерлер мен зейнеткерлердің денсаулығын жақсартуына Көкшетаудағы “С.Сейфуллин”,   Павлодардағы “Мойылды”, Шымкенттегі «Сарыағаш», Қызылордадағы Жаңақорған емдеу-сауықтыру шипажайларына жолдамалар береміз.

Әлеуметтік жағдай бойынша айтсам, жалпы 2018-2020 жж. арналған ұжымдық шартта келісілген барлық жеңілдіктер толық орындалуда. Әлеуметтік төлемдер уақытында төленеді, соның ішінде тіс салу, балалы болуына байланысты, қазалы жағдайларға байланысты материалдық көмек беру (мекемеден берілетін көмекке кәсіподақтан қосымша 8 адамға 25 мың теңгеден, 4 адамға 30 мың теңгеден), мерейлі күндерге, оның ішінде жұмыс жасап жүрген ерлерге 60 жасқа, әйелдерге 55 жасқа толуына, бұрынғы әріптестеріміз, бүгінгі ардагер зейнеткерлерге 70, 80, 90, 100 жасқа толу мерейтойларына біржолғы қаржылай көмек, қызметкерлеріміздің жол жүру билетінің ақысын төлеу, неке құрған жас жұбайларға сый-сияпаттар беруді дәстүрге енгіздік.

Жалпы Бейнеу жол дистанциясы еңбек тәртібі мен жоғары жауапкершілік қалыптасқан, бірлігі жарасқан ұжым.

— Әңгімеңіз үшін рахмет.

Сұхбаттасқан Қартбай ҚОЖАЕВ